Титан диоксиді, титан сынықтары мен сублимациялық сия, сондай-ақ трансформатор өндіруге керек бірқатар шикізатты Қазақстанға баж салығынсыз әкелу уақыты ұзарды. ЕЭК Кеңесінің кезекті отырысында осындай шешім қабылданған. Вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация осындай келісімге келген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ осы жылдан бастап тарифтік жеңілдіктер периметріне елдің электр өнеркәсібіне қажетті тауарлар кірген.
Қазақстанға титан диоксидін әкелуге 5% мөлшердегі бірыңғай кедендік тарифтің орнына нөлдік уақытша баж тағы 2 жылға ұзартылған. Бұл зат титан құймалары мен қорытпаларын өндіруде қолданылады. Қазақстанда оны Өскемен титан-магний комбинаты тұтынады. Кәсіпорынның 45,03% үлесіне ие негізгі акционері – Брюссельде тіркелген SPECIALTY METALS HOLDING COMPANY. Комбинат АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және басқа елдерге әлемдік аэроғарыш саласының өндірушілері сертификаттаған өнім экспорттайды.
Қазақстанда титан диоксиді өндірілмейтіндіктен, Өскемен титан-магний комбинаты оны шетелдік жеткізушілерден сатып алады. 2022 жылы комбинат шикізатты пайдалануды 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге арттырды. Бұл көрсеткіштер өседі деп күтілуде, өйткені бүгінде зауыттың жүктемесі қолда бар қуаттардың тек 32%-ын құрайды. Бес пайыздың орнына импорттық кедендік баждың нөлдік ставкасы дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
ЕЭК Кеңесі Қазақстанға титан сынықтарын әкелуге баждың нөлдік мөлшерлемесін қабылдаған. Оны шикізат ретінде пайдалану дайын өнімді шығаруды едәуір арттырады және арзандатады. 2022 жылы комбинат титан сынықтарын тұтынуды 2018 жылмен салыстырғанда 56%-ға арттырды. 2025-2026 жылдары әкелу көлемін 600 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.,
Трансформаторлар өндірісі үшін қажет төрт түрлі тауар 2 жылға әкелу баждарын төлеуден босату елдің электротехникалық өнеркәсібін дамыту үшін үлкен көмек болады. Бүгінгі таңда алты қазақстандық зауыт электротехникалық өнімнің 300-ден астам түрін шығарады. Олардың өнімділігі жылына 32 мың дана өнімге жетеді, ал жүктеме қолда бар қуаттың 64%-ын құрайды. Кедендік бажды алып тастау түрінде жеңілдіктер беру отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жоғары дәрежеде өңделген экспортқа бағдарланған өнім шығару көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сублимациялық сияны бажсыз әкелу екі жылға ұзартылады
Сондай-ақ, елге сублимациялық сияны бажсыз әкелу екі жылға ұзартылады. Олар жеңіл өнеркәсіпте әртүрлі мақсатта суретт басып шығару үшін қолданылады. Сублимациялық сияға әлемдік сұраныс жыл сайын артып келеді. Республикамызда осы өнім импортының көлемі 2020 жылғы 289,6 тоннадан 2022 жылы 394,4 тоннаға дейін өсті. Болжам бойынша суреттерді басып шығаруды қажет ететін өнімдер өндірісі жыл сайын 3%-ға өседі. Ал баждың нөлдік мөлшерлемесі бизнеске босатылған қаражатты негізгі капиталға бағыттауға және еңбекақы қорын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ЕЭК Кеңесінде кендір немесе басқа тоқыма талшықтарынан жасалған иірілген жіптерге, сондай-ақ оптикалық шыныдан жасалған шыбықтарға қатысты кедендік баждардың нөлдік мөлшерлемелерін белгілеу туралы шешім қабылданды.