Жаңалықтар

Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң» индексі – Қазақстан қанша балл жинады?

Дүниежүзілік банктің «Әйелдер, бизнес және заң» индексі – Қазақстан қанша балл жинады?/ҚР Ұлттық экономика министрлігі

Дүниежүзілік банк «Әйелдер, бизнес және заң» – 2024 индексін жариялады. Бұл 190 елді қамтитын және жұмыс істейтін әйелдің өмірлік циклі бойынша құрылымдалған индексті ұсынады.

«Жалпы 35 сұрақ сегіз көрсеткіш бойынша бағаланады. Әр индикатордың орташа мәнін алу арқылы жалпы ұпайлар есептеледі. Бұл ретте 100 балл – ең жоғары балл. Қазақстан 100,0 ұпайдан 75,6 ұпай жинады. Қазақстанның жалпы ұпайы Еуропа мен Орталық Азияда байқалған орташа аймақтық көрсеткіштен төмен (85,8). Еуропа және Орталық Азия аймағында ең жоғары балл – 96,9 (Кипр)», – делінген индекс мәтінінде.

Дүниежүзілік банк индексі бойынша қозғалыс бостандығын шектемеу, некеге тұруды шектемеу, мүлік және мұрагерлік бойынша гендер айырмашылығы болмауы бағытында Қазақстан жоғары ұпай жинады.

Ал Қазақстанда мынадай заңдарға қатысты әйелдердің құқықтық теңдігін жақсартуға бағытталған реформа керек:

  • әйелдердің жұмысқа орналасу туралы шешімдеріне әсер ететін заңдар;
  • әйелдердің жалақысына әсер ететін заңдар;
  • балалы болғаннан кейін әйелдердің жұмысына әсер ететін заңдар;
  • әйелдердің бизнесті бастауы мен жүргізуіне қойылатын шектеулерге және әйелдердің зейнетақы мөлшеріне әсер ететін заңдар.

Дүниежүзілік банктің Қазақстанның ЖІӨ өсіміне болжамы

Еске салайық, Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 4,3% деңгейінде, 2025 жылы 4,5% деңгейінде өседі деп болжаған еді.

Қаржы ұйымының бағалауы бойынша, өткен 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,5%-ды құрады.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банк алдағы 5 жылда жаһандық экономикалық өсім көрсеткіші төмен болатынын мәлімдеген.

Дүниежүзілік банк 2024 жылдың соңына қарай дамушы елдердің төрттен бірінде табысы төмен халқының шамамен 40%-ы 2019 жылғы COVID пандемиясынан бұрынғыдан да кедей болады деп болжап отыр. Ал дамыған елдердегі экономикалық жағдай 2023 жылғы 1,5% өсіммен салыстырғанда биыл 1,2%-ға дейін баяулайды деп күтіледі.