Алдағы 5 жылда жаһандық экономикалық өсім көрсеткіші төмен болады – Дүниежүзілік банк

Жарияланды
жаһандық экономикалық өсім

Еуропа және Орталық Азияда экономика қарқыны 2024 жылы 2,4%-ға дейін бәсеңдеп, 2025 жылы 2,7%-ға дейін өседі деп күтілуде / Фото: kursiv.media

Дүниежүзілік банк осы онжылдықтың бірінші жартысында жаһандық экономикалық өсім көлемі соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырауы мүмкін деп болжайды. Десе де, инвестицияларды ынталандыруға және фискалдық саясатты күшейтуге бағытталған реформалар бұл үрдісті кері қайтара алады.

«Осы онжылдық даму үшін бетбұрыс кезеңі болуы керек еді, алайда жаһандық экономика 2024 жылдың соңына қарай рекордтық төменгі деңгейді орнатады деп болжануда. Осы онжылдықтың бірінші жартыжылдығындағы ЖІӨ өсімі соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш болады», – делінген банк хабарламасында.

Сарапшылар жаһандық экономикалық жағдай қазір бір жыл бұрынғыға қарағанда жақсырақ екенін айтады. Мұны мамандар АҚШ экономикасының тұрақтылығымен байланыстырады. Яғни сол тұрақтылықтың арқасында жаһандық рецессия қаупі төмендеген. Сонда экономикалық өсімге не әсер етуі мүмкін дерсіз? Дүниежүзілік банк болжамына сәйкес, әлемде болып жатқан геосаяси шиеленістер жаһандық экономикаға айтарлықтай салқынын тигізеді.

«Экономикасы дамып келе жатқан, әсіресе, несиелік рейтингі төмен елдер үшін қарыз алу шығындары жоғары болып қалуы мүмкін, бұл ретте жаһандық пайыздық мөлшерлемелер (инфляцияға байланысты түзетілген) қырық жылдағы ең жоғары деңгейде қалып отыр»,– делінген банк баяндамасында.

2024 жылдың соңына қарай дамушы елдердің төрттен бірінде табысы төмен халқының шамамен 40%-ы 2019 жылғы COVID пандемиясынан бұрынғыдан да кедей болады деп болжануда. Ал дамыған елдердегі экономикалық жағдай 2023 жылғы 1,5% өсіммен салыстырғанда биыл 1,2%-ға дейін баяулайды деп күтілуде.

«Бағдарламаға үлкен түзетулер енгізбесе, 2020-шы жылдар жіберіп алған мүмкіндіктер онжылдығы ретінде тарихта қалады. Жақын арада экономикалық өсу төмен болып қалады және көптеген дамушы елдер, әсіресе, ең кедей елдер, дамуға кедергі келтіретін қарыздың жоғары деңгейі мен халқының үштен бір бөлігіне жуығы азық-түлік қауіпсіздігінің құрсауында қалады. Бұл көптеген жаһандық басымдық бойынша ілгерілеуге кедергі келтіруі мүмкін. Дегенмен бұл үрдісті кері қайтару әлі де мүмкін. Әр елде инвестицияларды ынталандыру және фискалдық саясат негіздерін нығайтудың шұғыл әрекеттерін жасау арқылы бұған әсер етуге болады»,– дейді Дүниежүзілік банк тобының бас экономисі және аға вице-президенті Индермит Гилл.

Ол климаттың өзгеруімен күресу және басқа да негізгі жаһандық даму мақсаттарына қол жеткізу үшін дамушы елдерге 2030 жылға қарай айтарлықтай көбірек инвестиция қажет болатынын айтты.

Дүниежүзілік банк ұсынып отырған бұл есеп, соңғы 70 жылдағы 35 дамыған және 69 дамып келе жатқан экономиканың деректеріне сүйене отырып әзірленген.

«Инвестициялық серпілістер дамып келе жатқан экономикаларды түрлендіре алады. Мұндай серпіліс туғызу үшін дамушы елдер фискалдық және ақша-несие саясатының негіздерін нығайтуға, трансшекаралық сауда мен қаржы ағындарын кеңейтуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және институттардың сапасын жақсартуға бағытталған кешенді саясат пакеттерін жүзеге асыруы қажет. Бұл қиын жұмыс, бірақ бұл бұрын көптеген дамушы экономикалар жасаған нәрсе. Бұл жұмысты қайта жасау осы онжылдықтың екінші жартысында әлеуетті экономикалық өсімнің төмендеуін азайтуға көмектеседі», – дейді Дүниежүзілік банктің бас экономисінің орынбасары Айхан Көсе.

Әлемнің әр аймағында 2024-2025 жылдары жаһандық экономикалық өсім көрсеткіштері келесідей болады:
  • Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағында 2024 жылы экономика өсімі 4,5%-ға, ал 2025 жылы 4,4%-ға дейін баяулайды деп күтілуде.
  • Еуропа және Орталық Азияда экономика қарқыны 2024 жылы 2,4%-ға дейін бәсеңдеп, 2025 жылы 2,7%-ға дейін өседі деп күтілуде.
  • Латын Америкасы және Кариб бассейні аймағында 2024 жылы өсу қарқыны аздап 2,3%-ға, ал 2025 жылы 2,5%-ға дейін артады деп болжанып отыр.
  • Таяу Шығыс және Солтүстік Африканың экономикалық өсімі 2024 жылы 3,5%-ға дейін артып, 2025 жылы бұрынғы деңгейде сақталады.
  • Оңтүстік Азияда экономика 2024 жылы 5,6%-ға дейін аздап баяулайды және 2025 жылы 5,9%-ға дейін өседі деп күтілуде.
  • Сахараның оңтүстігінде орналасқан Африка елдерінде экономикалық өсім 2024 жылы 3,8%-ға, одан кейін 2025 жылы 4,1%-ға дейін өсуі мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз