Құрамында қанты көп сусындарға акциз салу мәселесі жыл соңына дейін шешілмек

Жарияланды
Шығарушы редактор
қанты
Құрамында канты бар сусындарға қашан акциз салынады? Фото: shutterstock.com

Қазақстан үкіметі құрамында қанты көп алкогольсіз сусындарға акциз салығын салу мәселесін жыл соңына дейін шешпек. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді. Үкімет бұл салықты енгізу туралы мәселені 2021 жылы көтерген.

«Биыл акциз енгіземіз бе, жоқ па – осы сұраққа жауап беруіміз керек. Әзірге бұл мәселе талқыланып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымын естідік. Өз денсаулығын ойлайтын адам ретінде, бірден осы акцизді енгізіп, бұл процеске қалай да әсер еткім келеді», – деді ол үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Байбазаров Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп акциз енгізу мәселесі талқыланғаны атап өтті. Сол жиында мәселенің өршіп бара жатқаны айтылған. Балалар мен жасөспірімдер газдалған сусын мен энергетикалық сусындарды көп тұтынады. Сонымен қатар елде қант диабетімен ауыратындардың саны «қатты өсіп барады».

«Мәселе жалпы алғанда өзекті, бірақ салық саясатындағы кез келген жаңалық жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі бір банкі сусынға салынатын акциз көлемін айтты. Бірақ біз бұл мәселені әлі талқылап жатырмыз», – деп қосты Экономика министрі.

Министрдің айтуынша, үкімет бұл төлемнің экономикаға әсерін әлі де зерттейтін болады. Байбазаров тәтті сусындар өндірушілер «осы акцизді төлеуге еш ниетті емес» деді.

Құрамында қанты көп сусындарға акциз салу не үшін керек?

Бұған дейін Денсаулық министрлігі құрамында қанты көп сусындарға акциз салу ұсынысынан бас тартпайтынын мәлімдеген. Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл талапты Денсаулық министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Соның негізінде көптеген елдерде құрамында қант көп сусындарға акциз енгізіліп жатыр.

Бас санитар дәрігер Қазақстанда артық салмақ пен қант диабетіне шалдыққандардың қатары көбейіп жатыр деген.

2021 жылдың қазан айында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы мақұлданған. Жоба 2023 жылдан құрамында қанты көп сусындарға 20% мөлшерінде акциз енгізуді, 2024 жылы – 35%, 2025 жылы 45% дейін арттыруды қамтыған. Бұл бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі көтерген болатын. Министрлік қант қосылған сусындарды көп ішу жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, семіздік пен басқа да ауыр дертке шалдықтыратын алға тартты.

Ал тәтті сусын өндірушілер ұлт денсаулығы үшін күрестегі бұл тәсілмен келіспеген. Қазақстанның алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы «акциз енгізу- орта және шағын кәсіпорындардың жабылуы, жұмыс орындары мен салықтың қысқаруына әкеледі» деп мәлімдеді.

Алайда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы былтыр басқа да 9 жобамен бірге тоқтатылған. Депутат Жанна Асанова бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловтан себебін сұраған болатын. Премьер-министр бұдан былай тек нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар бекітіледі деп жауап берген.

Сондай-ақ оқыңыз