«Самұрық-Қазына» қоры Air Astana әуе компаниясын IPO-ға шығару арқылы 23 млн доллар пайда тапты

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
23 млн
«Эйр Астана» акцияларын жария орналастыру нәтижесі қандай? Коллаж: kursiv.media

Air Astana әуе компаниясының IPO-сы барысында нарықтан тартылған 370 млн доллар қаржының 120 млн доллары әуе компаниясының дамуына жұмсалады. Ал компанияның негізгі акционері «Самұрық-Қазына» қорына осы қаржының 23 млн доллары тиесілі болады. Тағы бір акционер BAE Systems PLC компаниясы 206 млн доллар пайда тапты.

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«IPO барысында жалпы 370 млн доллар тарттық, оның 120 млн доллары Air Astana компаниясының ішкі мақсаттарына жұмсалады. Ал 23 млн АҚШ доллары біздің үлесімізге, ал 206 млн АҚШ доллары BAE aкционерлеріне кетеді», – деді Нұрлан Жақыпов.

Қазіргі кезде компанияның 44 пайыз акциясы KASE, AIX және LSE биржасында еркін айналымда жүр. IPO-дан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның компаниядағы үлесі 51%-дан 41%-ға дейін азайды. Ал BAE Systems PLC-тікі 49%-дан 15,3%-ға дейін төмендеген.

Қор басшысы әуе компаниясының IPO-cын нарықтағы өте табысты оқиға деп есептейді.

«Себебі 2001 жылы құрған кезде мемлекет тарапынан 8,5 млн АҚШ долларын құйдық. Ал ақпанның басындағы IPO-ға «Эйр Астана» 847 млн доллар капитализациямен шықты. Яғни, компания капиталы 50 есе өсті. Одан бөлек, 2001 жылдан бері «Самұрық-Қазынаның» үлесіне 80 млн доллардан астам дивиденд төледі», – деді қор басшысы.

Сонымен қатар әуе компания құрылғалы бері мемлекет қазынасына 711 млн доллар салық төлеген.

«Эйр Астана» тобы – акцияларын бір мезгілде үш биржада (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырылған алғашқы қазақстандық компания. Жария орналастыру барысында сұраныс ұсыныстан асып түскен.

Қазақстан нарығындағы жалпы сұраныс 483 млн доллардан асты. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53%-ы қанағаттандырылған.

Ал қазақстандық институционалдық инвесторлар жалпы сұраныстың шамамен 38%-ын қамтамасыз еткен. Халықаралық инвесторлардың сұранысы орналастырылған акциялардың шамамен 25%-на тең болды.

Ұлттық Банк БЖЗҚ-ға тиесілі 24,9 млрд теңгеге Air Astana-ның қарапайым акцияларын сатып алғанын жазған едік.

Сауда-саттық барысында Air Astana-ның 1 жаһандық депозитарлық қолхатының бағасы – 9,5 доллар болды. Ал 1 қарапайым акция құны 1 073,83 теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз