Қазақстан СІМ шетелдіктер үшін консулдық алымның жаңа мөлшерін бекітті. Енді елге бір реттік кіру және шығу үшін шетелдіктер 738,4 теңге төлейтін болады.
Сыртқы істер министрлігінің бұйрығына сәйкес 2024 жылғы 15 наурыздан бастап бір реткелу-кету үшін шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар АЕК-тің 20%-ын яғни 738,4 теңге, ал екі немесе одан да көп келу-кету үшін АЕК-тің 50%-ын яғни 1 846 теңге төлеуі қажет. Құжаттарды заңдастыруға келетін болсақ, әр құжат үшін АЕК-тің 50%-ын төлеу керек.
2023 жылы бір рет келу үшін шетелдіктер 690 теңге, екі және одан да көп келгені үшін — 1725 теңге төлеген.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік паспорт индексінде 66-орынға көтерілген. Зерттеу жасаған Henley & Partners компаниясы қазақстандықтардың әлемнің 78 еліне визасыз бара алатынын жазған. Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан рейтингте 68-орында болып, ел азаматтары визасыз 75 елге бара алған. Паспорт индексіне 104 ел кірген. ТМД елдері арасында Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Армения мен Өзбекстан бар. Индекстің бірінші орнында бірден алты мемлекет орналасқан: Еуро Одаққа кіретін Германия, Италия, Испания және Франция мен қос Азия елі – Сингапур мен Жапония. Бұл ел азаматтары 194 елге визасыз бара алады.
Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан едік. Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.
2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.
Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан.