«Сала шығынға ұшырап жатыр»: Энергетика министрі елдегі сұйытылған газ өндірісінің жағдайы туралы айтты

Жарияланды (жаңартылды )
сұйытылған газ, автогаз
Энергетика министрі елдегі сұйытылған газ өндірісінің жағдайы туралы айтты/PRM.UA

Қазақстанда сұйытылған газ бағасы өзге елдермен салыстырғанда едәуір арзан. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты.

«Бұл жерде біз жүйелі жұмыс туралы айтып отырмыз. Біз сұйытылған мұнай газының бағасын жыл сайын көтеруді жоспарлап жатырмыз. Биыл аз ғана – аймаққа байланысты шамамен 5-8 теңгеге көтеруді жоспарлаймыз», – деді министр.

Сұйытылған газ бағасын биыл көктемде көтеру жоспарланған.

Министр алқа отырысында 2023 жылғы жұмыс қортындылары туралы есеп беріп, биылғы жылға арналған жоспарларын бөлісті. Ведомство басшысының мәліметінше, былтырғы ішкі нарықтағы сұйытылған мұнай газын тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға (немесе 28%-ға) өсіп, 2,2 млн тонна болған.

«Сұйытылған мұнай газ өндірісінің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырайды, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды», – деп атап өтті министр.

Сұйытылған мұнай газына Қазақстанда ең төмен бағалардың бірі – өңірге байланысты 54-86 теңге аралығында. Салыстырмалы түрде Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңге болса, Қырғызстанда – 159 теңге. Әзербайжанда – 171 теңге, Тәжікстанда – 273 теңге.

Министр ішкі қажеттіктерді үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік пен «Теңізшевройл» ЖШС арасында ай сайын 20 мың тонна ТМД жеткізу туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді. Бүгінгі таңда «QazaqGaz «ҰК» АҚ және Солтүстік Каспий жобасының акционерлері ағымдағы жылдың соңына дейін көлемі жылына 700 мың тоннаға дейін Қашаған ТМД-ны сатып алу-сату шартына қол қою мәселесін пысықтап жатыр.

Алмасадам Сәтқалиев журналистерге елімізде сұйытылған газдың біршама қымбаттайтыны туралы ақпаратты өткен жылдың қарашасында растады.

«Біз кенеттен сұраныстың артуына дайын болу үшін экспортқа кететін газды ел ішінде жұмсаймыз. Бірақ бұл ресурстардың шектеулі екенін білеміз. Біз бірден қымбатшылық болмауы үшін бағаларды болжап, кезең кезеңімен өсіріп, сұйытылған газ бағасын өз құнын өтегенге дейін көтереміз. Осылайша нарықтағы өндірушілер шығынға батпайды. Қазіргі баға 50-80 теңге аралығында, ал газдың өз құны 110 теңге. Бірақ біз бірден бұл бағаны қоймаймыз, бәрі ретімен болады», – дейді министр.

Оның сөзіне сүйенсек, бағаны кем дегенде жанармайдың өз бағасы, яғни литріне 110 теңгеге дейін бірнеше кезеңмен өсіру жоспарланып отыр. Ол қазіргі баға әсерінен шикізат өндірушілер шығынға батып, өндірісті кемітіп жатқанын еске сала кетті.
6 қазанда министр Атырау облысында халықпен кездесіп, бөлшек сауда үшін автогаз бағасы өсетінін айтқан.

Елдегі сұйытылған мұнай газының бағасын мемлекеттік тұрақтандырады. Министрлік хабарлауынша, мысалы, сұйытылған газ бағасы Атырау облысында 54-59 теңге болса, салыстырмалы түрде Aи-92 бензинінің бағасы 205 теңге. Сол себепті Атырауда осы жылдың 8 айында 62,5 мың тонна сұйытылған газ сатылған. Былтыр дәл осы уақыт ішінде 40,7 мың тонна сатылған.

Сондай-ақ оқыңыз