Ұлытау мен Ақмоладағы жұт: жайылымда қырылған жылқы саны қаншаға жетті?

Жарияланды
Жылқыға келген жұт. Ұлытау мен Ақмола облысында қанша жылқы қырылды / shutterstock

Қымызымен аты шыққан Жаңарқа ауданының жұрты әлеуметтік желілерде жылқыға жұт келгенін жазып жатыр. Аштан қырылған жылқы малының суреттерін жарыса жариялауда. Тұрғындардың айтуынша, далада жатқан өлекселердің саны бүгінде 2000-ға дейін жеткен. Ұлытау мен Ақмола облысына қатысты айтылған бұл сан қаншалықты шындыққа жанасады, Кursiv.media тілшісі  анықтап көрді.

20 жылға жуық жылқы баққан Ералиев ауылының тұрғыны, жағдайдың күрделеніп бара жатқанын айтуда.

Кейінгі айда өзі баққан 100 шақты жылқысынан айырылыпты. Жайылымға 30 жылқы айдап барып,  11-ін ғана аман алып қайтқан.

«Биылғы қыс оңай тиіп тұрған жоқ. Көзбен көріп тұрып, түк істей алмай жатқанымызға қынжыламыз. Оның үстіне шөптің де бағасын көтеріп жіберіп жатыр. Кебектің де бағасы сол күйінде. Жалғыз мен емес, ауылымыздың біраз азаматтары мал өсіреміз деп үкіметтен несие алғанбыз. Мал басын өсіріп, соның төлімен несие жауып отырған жайымыз бар. Өз басым жұмыссызбын. Ералиев ауылының біраз жылқысын бағамын. Бала-шағамызды солай асыраудамыз. Мемлекеттен несие алғандардың ішінде өзімде бармын. Төлін былай қойғанда, аналығынан да біраз айырылып қалдық. Алған несиелерімізге үкіметтен қандай да бір көмек болса деген өтінішіміз бар. Ауыл азаматтары ұйымдасып, депутат Аманжол Әлтаев, облыс әкіміне хаттар жолдаған едік. Әзірге қуанарлықтай жылы сөз естіп жатқан жоқпыз. Шамамыз келгенше өзіміздің күш-қуатымызды салып жатырмыз», – деп бейнеүндеу жолдады ауыл тұрғыны.

Жағдай ушыққан соң, таяуда ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы М.Мұхтаров жылқылардың жаппай қырылу себебін тексеру үшін Ұлытау облысына барды.

Жұмыс тобы жайылымдағы жылқының қырылуының бірден-бір себебі ақпан айындағы тұрақсыз ауа райы деп отыр. Жайылым жердің басым бөлігінде мұз қатып, дала малының тебінуі қиынға соққан. Бүгінде ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасының дерегі бойынша ауданда 84,3 мың бас жылқы тіркелген. Жаңаарқа кенті мен Қаражал қаласы арасындағы жол бойынан өлексесі табылған 23 бас жылқының сәйкестендіру нөмірі болмай шықты.

Сонымен қатар Жаңаарқа ауданында сәйкестендіру нөмірі жоқ тағы 44 бас жылқы табылған. Осылайша, жауаптылар жайылымда өлген 67 бас жылқының  иелерін де анықтау мүмкін болмай тұрғанын айтады. Аудандық ветеринарлық станцияларға жылқылардың өліміне қатысты иелерінен әлі ресми түрде өтініш түспеген. Жергілікті жұрттың 2000-ға жуық мал басы қырылды дегені шындыққа жанаспайтынын айтуда. Облыс әкімдігінің санағы бойынша арам қатқан жылқылардың саны небәрі 60-70 басты құрайды.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты жайылымда жүрген жылқы малы  тебіндей алмай аштан өлу фактілері орын алды. Қазіргі уақытта жергілікті әкімшіліктермен 67 жылқының өлімі анықталған. Алайда идентификациялық нөмірлердің жоқтығынан мал иелерін анықтау мүмкін болмай тұр. Қазір облыс бойынша жылқы өлімінің нақты  санын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ауылдық ветеренариялық дәрігерлері мен инспекторлары, әкімшілік өкілдері өлген малдардың өлекселерін жою жұмыстарын атқаруда. Бұдан бөлек, облыстық, аудан деңгейінде жедел штаб құрылды. Онда жергілікті атқарушы органдар шаруа қожалықтар мен ауыл тұрғындарына далада қалған малды жеткізу және жайылым орындарына шөп тасымалдап, қардың беткі қабатын қопсытып, тазалау шараларын атқаруда. Қосымша көмек қарастырылып жатыр», – деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков.

Дегенмен облыс әкімінің орынбасары ірі шаруашылықтарға қыстың қатты болатыны әу баста ескертілген деп отыр. Қолайсыз ауа райы кезінде даладағы малды қыстауға жақын ұстау бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенін алға тартады. «Жылқының қырылуына иелерінің малды фермаларда ұстамауы, қажетті мөлшерде жем-шөп дайындамауы себеп», – дейді әкім орынбасары. Жайылымдағы жылқы жұттан жаппай қырылып жатқанда, жем-шөп сататындарға «бағаны негізсіз өсірмесін» деген  қатаң ескертуін де жеткізді.

Жылқыға келген жұт: Ақмола облысында ахуал қандай?

Ақмола облысының шаруаларына да жылқы басының қырылуы оңайға соқпай тұр. Ауа райының қолайсыздығынан және жайылымдық жерлердің қатқақ болуынан Біржан-Сал учаскесінде (Мамай ауылы) жылқылардың тебіндеуі қиындап, ең жас және кәрі малдар қырылған. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазірге дейін 117 жылқының өлексесі табылған. Оның ішінде тек 27 бас жылқы ғана жергілікті жерлердегі ветеринариялық есептікке алынған. Қалған жылқылар нақты тіркеуде жоқ олардың иелері де белгісіз. Қазір халықтың негізгі бөлігі жануарларды күтіп-бағуды жеке аулаларына ауыстырған. Жайылымда тек қана иелері қалаларда және басқа елдімекендерде тұратын, сондай-ақ өз малдарын азықпен қамтамасыз етпеген тұрғындардың малы қалған.

Ақкөл ауданына қарасты Жалғызқарағай ауылында жағдай мәз емес. Мұнда 1 220 бас жылқы болса, соның 55 басы көтерем, мұз қабығынан жарақаттану салдарынан қырылған. Ал, Қарабұлақ (Степногорск ауданы) ауылында 4 276 бас жылқы есепте тұр. Мұнда да жағдай өзге аудандарға ұқсас. Жалпы Степнагорск ауданында – 14 375 бас жылқы малы бар. Қыстың басынан бүгінгі күнге дейін Степногорск өңірі бойынша 42 бас жылқы шығынға ұшыраған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірге жіберген комиссия жеке қосалқы шаруашылықтардағы 73 мың жылқыны қораға ауыстыруға шешім шығарды. Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде мал басын жеммен қамтамасыз ету және қатып тұрған қардың үстіңгі қабатын қопсыту сынды шараларды тез арада іске асыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз