НАТО-ға мүше елдер қорғанысқа ЖІӨ-нің қанша бөлігін жұмсайды?

Жарияланды
kursiv.media

НАТО-ға мүше барлық мемлекет жыл сайын соғыс дайындығын қамтамасыз ету және кез келген ықтимал шабуылдарға қарсы тұру мақсатында қорғаныс саласына жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 2 %-нан аз емес көлемде қаржы жұмсауға міндетті. Бұл нақты талап емес, бірақ жиырма жылдан бері құзіретін жоймай келе жатқан дағдылы тәртіп. Қорғанысқа бағытталатын шығындардың минималды шегін ЖІӨ-нің 2 %-ы деңгейінде белгілеу туралы сонау 2006 жылы айтылып бекітілген. Алайда бұл мәселе тек 2023 жылдың 11 шілдесінде ғана Вильнюстегі саммитте мақұлданды. Қаражат негізінен жаңа қару-жарақ пен әскери техника сатып алуға, ғылыми зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жұмсалуы тиіс.

Қорғанысқа көп қаражат салған қандай елдер?

НАТО статистикасы бойынша, былтыр 11 ел бұл мақсатты көрсеткішке жеткен және асып түскен. Қалған елдер қорғаныс саласына жалпы ішкі өнімнің аз бөлігін ғана бағыттауды жөн көрген. Ал бөлген қаражаты 2 %-дан асатын елдердің территориясы не Ресеймен шектеседі, не Украинадағы соғыс майданына жақын жерлерде орналасқан. Әрине, олардың осы себептен де қорғаныс саласын қаржыландыруға айырықша ден қойып отырғаны түсінікті. Әсіресе, солтүстік шекарасы ресейлік Калининград эксклавымен түйісіп жатқан және оңтүстік-шығысының басым бөлігі Украинамен шектесетін Польша былтыр ЖІӨ-нің көп бөлігін қорғаныс (3,9 %-ын) саласына жіберіпті. Бұл тұрғыда Еуроодақтың бірде-бір елі поляктармен теңдесе алмайды.

Екінші орында 3,49 %-дық көрсеткішпен АҚШ орналасқан. Бірақ жалпы сандарда АҚШ-тың 860 млрд долларлық қорғаныс бюджеті барлық басқа НАТО одақтастарының бюджетінен екі есе көп екенін де айтып өтелік. Өз ЖІӨ-сінің 2 пайыздан көбін қорғаныс саласына жұмсаған НАТО-ға мүше-мемлекеттері арасында Грекия (3,01 %), Эстония (2,73 %), Литва (2,54 %), Финляндия (2,45 %), Румыния (2,44 %), Венгрия (2,43 %), Латвия (2,27 %), Ұлыбритания (2,07 %) және Словакия (2,03 %) бар.

Осының ішінде Финляндия, Грекия, Латвия, Польша, Румыния, Словакия және Венгрия қорғаныс қажеттілігі үшін ЖІӨ-нің 2 %-нан да асырып қаржы бөліп жіберген. Алайда бұл елдердің мемлекеттік қарызы 60 пайыздан асып кеткен немесе мемлекеттік бюджетінің тапшылығы ЖІӨ көлемінің 3 %-нан асып тұр. Ауқымды қаржы бөлгендер қатарында Болгария да бар.

«Осы жылы біз бюджеттік жоспарда 2 пайыздық көрсеткіштен астық. Кей жылдары, мысалы, 2026 жылы жасалған келісімдерге байланысты төлемдер болған кезде шығынды одан сайын арттыра түсеміз. Бірақ біз қазірдің өзінде мақсатты көрсеткішті орындадық және 18 елдің тізіміне кірдік. Бюджеттің басым бөлігі – үштен бірінен көбі жаңа мүмкіндіктерді қаржыландыруға кетеді. Өйткені бізге ондаған жылдармен өлшенетін артта қалу жағдайын реттеу керек»,– дейді Болгария Қорғаныс министрі Тодар Тагарев.

Ресейден алыс орналасқан елдер 2 пайыздық талапты орындай қоймаған

Оның ішінде Германия, Италия және Канада бар. Бұл елдер ірі экономикасы бар екендігіне және ЖІӨ-сінің көрсеткіші 1 трлн доллардан асатынына қарамастан шамалы қаражат қарастырған. Өзіндік қарулы күші және өндірістік өнеркәсібі жоқ Люксембург секілді елдер, әрине, мұндай талапты орындауда біршама қиындыққа ұшырайды.

Сарапшылар зерттей келе НАТО бойынша одақтастардың 2014 жылмен салыстырғанда қорғаныс мәселесіне айырықша көңіл бөле бастағанын айтады. Әсіресе, 2014 жылмен салыстырғанда қорғаныс қажеттілігіне қаржыны аямай құя бастаған. Сол жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап, бұл жағдай Шығыс Еуропадағы ахуалды қиындатып жіберген болатын. Соның салдарынан НАТО елдері шығын бойынша өз мақсатын екі еселеп, 2 % етіп белгілеуге мәжбүр болды. Сол кезде 2 %-дық межені тек үш мемлекет қана орындай алса, 2022 жылы олардың саны жетеуге жетті. 2022 жылы Ресей мен Украина арасында әскери қақтығыс басталғаннан кейін, қорғанысқа жұмсалатын шығын одақтас елдердің бірқатарында күрт көбейген.

Польшаның қорғаныс шығыны ЖІӨ-нің 2,4 пайызынан 3,9 пайызына дейін жоғарылаған. Жалпы алғанда, бұл мемлекет 2023 жылы қорғаныс саласына 29 млрд доллардан астам қаржы бағыттапты. Бұл 2022 жылғы қаржы көрсеткішінен 12 млрд долларға жоғары. Ал он жыл бұрынғыдан 3 есе көп. Ресей мен Украина арасында соғыс басталғаннан кейін Франция, Словакия, Венгрия және басқа бірнеше ел қорғаныс шығындарын еселеген.

НАТО-ға кіргісі келетін елдер саны өсті

НАТО ауқымы да, шығыны да бұрынғыдан кеңейе түсетін секілді. Аймақтағы жағдайдың ушығуы, әлемдік қақтығыстардың кеңінен етек жаюы әлемдегі аса ірі әскери одақты осыған итермелеп отырғандай. НАТО-ға кіргісі келетін елдер саны да күрт өсті. Биыл ұзақ уақытқа созылған тежеу мен қарсылықтан кейін Түркия Швецияның мүшелікке енуіне өз дауысын берді. Венгрия да бұл мәселені ұзаққа созбай, тезірек ратификациялайтын секілді. Ондай жағдайда Швеция НАТО-ның 32-ші мүшесі болып одаққа кіреді және өз жалпы ішкі өнімінің 2,1 %-ы мөлшерінде қорғаныс саласын қаржыландыруға міндеттеме алады. Басқа елдер де қорғаныс саласын аз деңгейде қаржыландырмайды. Бірақ әлі де болса 2 %-дық межеге жете алатын емес. Сондықтан бұл жәйт одақтың күн тәртібінен әзір түспейтін мәселесі.

2 %-дық межеге Германия да биыл жетуге ниетті. Егер олар осы межеге жететін болса, онда 90 жылдардан бері алғаш рет қорғаныс саласына қомақты (ЖІӨ-нің 2 деңгейінде) қаражат бөлген болып есептеледі. DPA агенттігінің мәліметі бойынша, ресми Берлин алғаш рет қорғаныс бөлігіне 73,41 млрд еуро қаржы (ЖІӨ-нің 2,01 %) жіберген. Қырғи-қабақ соғыстың өзінде Германия федеративтік республикасы қорғаныс қажеттілігі үшін ЖІӨ-нің 3 % мөлшерінде қаржы бөлген.

Германия канцлері Олаф Шольцтің айтуынша, Германия мен Еуропаның қорғаныс өнеркәсібі қару-жарақ өндірісіне жаппай қарқынмен кірісуі керек. Өйткені Украинадағы соғыс еуропалық өндірушілердің боеприпастар сұранысын қанағаттандыра алмайтынын көрсетіп отыр дейді.

НАТО шығындары

Жалпы, НАТО басшылығы биыл 31 мүше-мемлекеттің 18-і қорғаныс шығынын 2 %-ға қалайда жеткізеді деп есептеп отыр. Ондай жағдайда Еуропа елдері мен Канаданың жалпы шығыны 380 млрд долларға жеткізеді деп күтіледі. НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтің айтуынша, былтыр соңғы он жылдағы НАТО-ның еуропалық мүшелері мен Канаданың қорғаныс шығындарының рекордтық өсімі (11 %-ға) тіркелген.

Соңғы жылдары НАТО шығындарының әжептәуір өскенін байқамау мүмкін емес. Былтыр альянс шығыны 1,1 трлн (1100 млрд доллар) долларға жетті. Бүкіл көлемнің үштен екісі АҚШ-қа тиесілі. Еуропалық елдер мен Канаданың жиынтық үлесі 32,4 %-ды құрайды.

Дональд Трамп АҚШ президенті болған кезде шаңырағы шайқалып кете жаздаған НАТО соңғы екі-үш жыл бедерінде қайтадан еңсесін тіктей бастады. Таяуда бас хатшы Йенс Столтенберг альянстың еуропалық мүше-мемлекеттері аумағында қару-жарақ өндірісін өрістетуге шақырды.

«Украинаға жеткізілімді арттырып, жеке қорымызды толықтыру үшін біздің алдымызда тез арада өнеркәсіптік базамызды қалпына келтіру және кеңейту міндеті тұр. Өндірістің қазіргі қарқыны бейбіт күн үшін жеткілікті болар еді. Бірақ қазіргі күйіміз ауқымды қақтығыс жағдайында талапқа сай келмейді. НАТО Ресеймен соғысқысы келмейді, алайда ондаған жылдарға созылуы ықтимал конфронтацияға дайын болуы тиіс. Артқа қайтар жол жоқ. Біз күн өткен сайын тұрақсыздықпен бетпе-бет келіп жатырмыз. Сол себепті, ұзақ мерзімді жағдайдағы ахуалға бейімделу маңызды»,– деді Столтенберг.

Сондай-ақ оқыңыз