Жаңалықтар

Қазақстанның Израиль-Палестина қақтығысын шешуге қатысты ұстанымы өзгермейді – Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Израиль-Палестина қақтығысына қатысты ұстанымы қандай? Фото: kursiv.media

Қазақстанның Израиль-Палестина дағдарысына қатысты ұстанымы өзгермейді. Қазақстан көп жылғы қақтығыстың жалғыз шешімі – БҰҰ бекіткен «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде 1967 жылғы шекараларда Палестина мемлекетін құру екеніне сенімді. Бұл ұстанымды ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясында растады.

Төтенше сессияда Палестинадағы жағдай талқыланған. ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырып, Палестина-Израиль дағдарысын тезірек шешу қажетін алға тартты.

Мұрат Нұртілеу өз сөзінде Газа секторындағы ұзаққа созылған гуманитарлық апатқа байланысты ерекше алаңдаушылық білдірген. Одан шығудың бірден-бір жолы әскери қимылдарды жақын арада тоқтату болуы мүмкін.

Бұл тұрғыда министр сондай-ақ Газа тұрғындары үшін төтенше гуманитарлық көмек көрсетуге Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы және «KazAID» агенттігінің мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

«Қазақстан өңірдің барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін күш-жігерді күшейтуге шақырды, бұл алдағы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ерекше маңызды болып көрінеді», – делінген хабарламада.

Сессия жұмысына Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Иордания, Иран, Түркия, Марокко елінің саяси ведомстволар басшылары қатысқан.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қатар мен Мысыр басшылығының ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату және кепілге алынғандармен алмасу туралы келіссөздер жүргізу жөніндегі көпжақты делдалдық күш-жігерді құптады. Ол сондай-ақ Мысырдың репатриация жасау үшін қазақстандық азаматтар мен олардың отбасы мүшелерін Газадан эвакуациялаудағы рөлін жоғары бағалады.

ИЫҰ СІМК қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданған.

2023 жылдың 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

Былтыр қарашада БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалады. Қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан.

Палестина-Израиль қақтығысы басталғалы Газа аймағында қайтыс болған азаматтардың саны 5 ай ішінде 30 000 асты.