Қазақстан Әзірбайжан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін арттырмақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
тасымалданатын

Қазақстан «Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен тасымалданатын мұнай көлемін арттыруы мүмкін. Ресми Баку мен Астана Әзірбайжан арқылы қазақстандық мұнай транзитін ұлғайту мүмкіндігін талқылап жатыр. Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Әзірбайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазовпен кездесу өткізген. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Алмасадам Сәтқалиев болашақта Қазақстандағы мұнай өндірісі артатынын айтады. Соны ескере отырып Ұлттық компаниялар алдына тасымалданатын мұнай көлемін міндеті қойылған.

«Біздің Ұлттық компанияларымыздың алдына Қазақстанда өндірістің өсуін ескере отырып, мұнай жеткізу көлемін ұлғайту міндеті қойылды. Осыған байланысты, қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті кездесу барысында А.Сәтқалиев.

Кездесу барысында тараптар қос елдің энергетика, қазақстандық мұнай транзиті, жаңартылатын энергия көздерінің ауқымды жобаларын іске асыру саласындағы ынтымақтастығына қатысты бірқатар мәселені талқылаған.

Қазақ мұнайын Әзірбайжан арқылы тасымалдау жолы

2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандырып, Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыта бастады.

Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдауды арттыруды тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясымен келісімге келді. Теңіз кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалданады.

2023 жылы Ақтау портынан мұнай жөнелту Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында 1 057 мың тоннаны құраған.

2024 жылға қазақ мұнайын БТД арқылы жылына 1,5 млн тонна көлемінде жеткізу жоспарланған.

Қазіргі уақытта Қазақстаннан мұнай транзиті негізінен РФ территориясы арқылы өтеді. Каспий Құбыр Консорциумы қазақстандық мұнай экспортының 80 пайызын қамтамасыз етіп тұр. КҚК-нан өзге балама бағыттардың жалпы қуаттылығы – жылына 20-25 млн тоннаға жете қабыл. 

Сондай-ақ оқыңыз