Жаңалықтар

Бірқатар импорттық тауарды мемлекеттік сатып алуға екі жылға тыйым салынады

Бірқатар импорттық тауарды мемлекеттік сатып алуға екі жылға тыйым салынады / shutterstock

Өндіріс және азық-түлік саласындағы бірқатар тауарды шетелден мемлекеттік сатып алуға екі жылға тыйым салынады. Қаулы жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын дайындады.

Жобада ұлттық режимнен алып тастауды талап ететін тауарлардың тізімі жарияланды:

  • шет мемлекеттерден шығатын машина жасау тауарлары;
  • шет мемлекеттерден шыққан химия өнеркәсібінің тауарлары;
  • шет мемлекеттерден шығатын металлургия өнеркәсібінің тауарлары;
  • шет мемлекеттерден шыққан құрылыс өнеркәсібінің тауарлары;
  • шет мемлекеттерден шыққан тамақ өнеркәсібі тауарлары.

Яғни бұл тауарларды алдағы екі жылда мемлекеттік сатып алу кезінде тек қазақстандық өндірушілерден сатып алу қажет.

Егер аталмыш салалардағы қажетті тауарлар Қазақстан аумағында өндірілмейтін және қажетті қызметтер ел аумағында көрсетілмейтін болса, оларды шетелден алып келуге болады.

Өнеркәсіп министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен келісімге келе отырып, арнайы номенклатура дайындайды.

Мемлекеттік сатып алуға қандай өзгерістер енгізіледі?

Мемлекеттік сатып алу конкурстық жүйесі автоматтандырылып, комиссия құрылмайтын болады. Осылайша алдын ала келісім жасау мен конкурс нәтижесіне шағымдану мүмкіндігі болмайды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтқан еді.

Негізгі проблема неде? Министр осы сұраққа жауап іздеу кезінде Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру дұрыс жүргізілмейтінін анықтаған.

«Көп жағдайда жергілікті атқарушы орган жол, мектеп немесе басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде қандай да бір компаниямен алдын ала келісіп алып, соған конкурсты ұтып беруге жағдай жасағысы келеді. Енді мұндай қитұрқы әрекет жасай алмайды», – деді Жамаубаев.

Министр конкурстық процедураның толығымен автоматтық жүйеге көшетінін айтады. Яғни қызмет көрсету немесе тауарларды сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алуға өтініш берген компаниялар цифрлық жүйеге жоспарларына сай балл қойып, рейтинг жасайды. Жүйе шешімімен рейтингі жоғары болған компания тендерді ұтып алады.

«Мұның барлығы жабық түрде өтеді. Яғни конкурсқа қатысып жатқан компаниялар бір-бірін, олардың жоспарын білмейді. Жүйе арқылы өздеріне қандай балл беріледі, сол компания ұтып алады. Бәрін автоматты түрде цифрландырылған процесс шешкендіктен, шағымдануға да мүмкіндік болмайды», – деді министр.

Оның айтуынша, бастапқы кезеңде құрылыс жұмыстары, одан кейін жобалау жұмыстары, кейін өзге қызметтерде цифрландыру жүйесіне көшеді.