Биыл ҰБТ талаптары өзгере ме?

Жарияланды
ҰБТ-2024: бейіндік пәндерге басымдық беріледі / Фото: архив kursiv.media

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу талаптары өзгере ме? Бұл сұраққа Мәжіліс кулуарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді. Оның айтуынша, биыл түбегейлі өзгерістер болмайды.

«Енді ҰБТ тапсырудың бес кезеңі бар. Естеріңізде болса, бұрын бәрі бір күнде өтетін. Осының салдарынан балалар күйзеліске түсетін, үлкен жүктеме болды. Биыл тестілеу бес рет болады, яғни екеуі ақылы түрде ұйымдастырылады. Қаңтар айындағы тестілеуге 130 мыңға жуық адам қатысты. Енді наурыз айындағы тестілеу бар», – деді министер.

Екі ақылы тестілеу кезінде бала өз күшін сынап көреді, өзінің әлсіз жақтарын түсінуге мүмкіндігі бар. Екі негізгі тест мамыр-шілде аралығында өтеді. Бала тіркелген осы екі кезеңнің ішінде ең жоғары балл арқылы грантқа үміткер болады.

Тамыз айында бесінші кезең бар

«Бұл ақылы оқуға түсетін немесе тапсыруға үлгермегендерге арналады. Сонымен қатар ол халықаралық университеттердің нәтижесін күтіп жүргендерге арналған. Соңғы кезде ҰБТ-ға қатысты келеңсіз жағдайлар, суицидтер кездесіп жатқан жоқ», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше ҰБТ-да бірнеше өзгеріс болады

Оның бірі – ұпайлар қайта бөлінді.

«Енді біз негізгі жүктемені негізгі мамандық пәндеріне береміз. Талапкер бейіндік пәндер бойынша жоғары балл алады», — деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, бұған дейін Саясат Нұрбек Алматыдағы жер сілкінісінен кейін бірнеше университет қабырғасына сызат түскенін айтты.

Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ға өтініш қабылдау мерзімі 11 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Министрлік қаңтар айындағы ҰБТ-ға қосымша орындар ашылатынын мәлім етті.

Қысқы тестілеуге өтініш қабылдау 29 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарда аяқталуы керек болған. Алайда оқушыларға орын жетпегендіктен, қабылдау мерзімін ұзартып, орындарды кеңейту туралы шешім қабылданған.

ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Ал тестілеудің өзі 18 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Тестілеу қорытындысы ақылы оқуға түсуге мүмкіндік береді.

Осыған дейін министрлік «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарғанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз