Жаңалықтар

Қазақстанда ақпарат пен байланыс саласында әйелдер үлесі аз – Ұлттық сатистика бюросы

В какой сфере работает меньше всего женщин в Казахстане
Қазақстан бойынша жұмыс істейтін әйелдер үлесі 48,3 пайызды құрайды / Фото: Shutterstock

Қазақстанда ақпарат пен байланыс саласында жұмыс істейтін әйелдер үлесі 1,6%-ды құрайды. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросының телеграм арнасында жазылған.

«Әйелдердің ең аз саны ақпарат және байланыс саласында тіркеліп отыр, барлық жұмыспен қамтылған қыз-келіншектердің үлесі – 1,6%», делінген бюро хабарламасында.

Жалпы Қазақстан бойынша түрлі салаларда 4 370 715 әйел жұмыс істейді екен. Бұл көрсеткіш жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48,3%-ы. Оның ішінде 3,4 млн әйел жалданып жұмыс істейді. Ал 940 мың әйел – өзін-өзі жұмыспен қамтыған.

Салалар бөлінісінде әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында еңбек етеді. Олардың бұл саладағы үлесі барлық жұмыспен қамтылған әйелдің 20%-ын құрайды. Көтерме және бөлшек саудада – 19,6%. Ал ауыл шаруашылығында – 9,7%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,6%, өнеркәсіпте 7,8% әйел еңбектеніп жүр.

Еске есала кетсек, 20 ақпанда өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қызметте әйелдер үлесі 10 пайызға жетпейтінін мәлімдеді.

Президент келтірген мәліметтерге сенсек, мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Осы орайда Тоқаев мұндай қызметке әйелдерді көптеп тартуды ұсынды.

«Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», – деді президент.

Статистикаға сәйкес 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан артқан(46,5 мың). Олардың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді. Олардың арасында министрлер, Жоғары аудиторлық палата, Конституциялық сот төрағалары, облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.

Сонымен қатар Үкімет гендерлік нысаналы индикаторларды мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың даму жоспарларына енгізу арқылы олардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес шаралар арқылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау да артып келеді.