Қазақстан-Ресей форумын өткізу кезінде қаражатты негізсіз жұмсаған – Антикор Қожағапановтың не үшін ұсталғанын түсіндірді

Жарияланды
Ерлан Қожағапанов
Ерлан Қожағапанов 1 наурыз күні ұсталған болатын / Фото: kursiv.media

Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей форумын өткізу үшін қасақана сематалық құжатқа бағаны өсіріп көрсетті деп күдіктеліп отыр. Оның қаражатты негізсіз жұмсағаны үшін ұсталғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады.

«1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралардың нәтижесі бойынша Мәдениет және спорт экс-вице-министрі Қожағапановты ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады», – деді агенттік өкілі.

Агенттіктің хабарлауынша вице-министр коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет еткен. Солайша 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

«Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік анықталды және оған тыйым салынды», – деп хабарлайды агенттік.

Еске сала кетсек, 1 наурыз күні бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі ұсталғаны мәлім болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде Қазақстан Республикасының бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растады. Оны Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамады.

Қожағапанов қандай қызметтер атқарған?

Ерлан Қожағапанов – 2017-2019 жылдары және 2021 жылы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі лауазымын атқарған. Ол 1968 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

1992 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. 2006 жылы Ресей Кеден академиясын бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі — заңгер, экономист, қаржыгер, кеден ісінің маманы.

Еңбек жолын 1989 жылы бастаған. 1990-1994 жылдары кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. 1994-2007 жылдары мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеген.

2007-2013 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 

2013-2016 жылдары ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, ҚР Футбол федерациясының президенті қызметтерін атқарған.

2016 жылғы желтоқсаннан бастап 2017 жылғы қараша аралығында ҚР Премьер-Министрі кеңесшісінің м. а., кеңесшісі қызметін атқарған.

2017-2019 жылдары — Мәдениет және спорт вице-министрі.

2019 жылғы тамыз айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2021 жылы сәуірде ҚР мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды.

2021 жылы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер -Министрінің өкімімен Премьер-Министрдің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қызметтен 2022 жылғы сәуірде босатылған. 

 

Сондай-ақ оқыңыз