Жаңалықтар

Франкфурттегі ереуіл: Air Astana-ның Германия бағытындағы рейстері уақытша тоқтайды

Әуе саласы мамандарының ереуіліне байланысты Air Astana әуекомпаниясы Германия бағытындағы KС921/KС922 рейстері тоқтаған / Фото: kursiv.media

Air Astana әуекомпаниясы Германия бағытындағы ұшу және ұшып келу рейстерінің уақытша тоқтағанын хабарлады.

«Германияға және Германиядан ұшатын жолаушылар назарына! Air Astana 2024 жылдың 07 наурызында Франкфурт әуежайында авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерінің ереуілі салдарынан KС921/KС922 Астана-Франкфурт-Астана рейстерінің орындалмайтыны туралы хабарлайды»,- делінген компания хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша осы рейстердің жолаушыларына тиісті SMS хабарламалары жіберілген. Сонымен бірге бұл рейстердің жолаушыларына сервис ақысынанан басқа билеттің пайдаланылмаған бөлігі толық қайтарылады. Жолаушылар қалауына қарай билеттің құнын толық қайтара алады немесе 2024 жылдың 14 наурызына дейін орындалатын рейстерге айыппұлсыз билеттерді қайта броньдай алады. Ол үшін жолаушылар әуекомпанияның көмек орталығына хабарласуы керек.

Еске сала кетсек, 2 наурыз күні Орал бағытында ұшқан Air Astana әуе кемесі жарты жолдан Алматыға қайтты. Әуе кемесінің неге кері қайтқанын Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі түсіндірді. Олардың мәлімдеуінше Алматы-Орал бағытындағы ұшақта жолаушының жағдайы күрт нашарлаған. Сол себепті әуе кемесінің командирі Алматыға қайту туралы туралы шешім қабылдаған.

Ал 8 ақпанда боранға байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы – Астана бағыты бойынша шыққан KC 851 рейсі Астана әужайына қона алмай, Алматыға қайта оралған болатын.

Ол күні боранға байланысты елорда әуежайында жоспарланған 72 рейс ұшпай қалды. Оның ішінде ұшатын 7 рейс, қонатын 8 рейс тоқтатылған. Сонымен қатар, ұшуы тиіс 6 рейс, ал ұшып келуі тиіс 12 рейс кешіктірілген. Бұл кідірістер мен тоқтатулар қолайсыз метеожағдайлармен және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тоқтаған болатын.

Ал 7 ақпанда Ақтөбе әуежайында ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер тоқтап кейінге шегерілген болатын.