Жемқорлар антирейтингінде бірінші орында ІІМ тұр – Антикор

Жарияланды
жемқорлыққа қатысты
2023 жылы ІІМ-де жемқорлыққа қатысты 193 жағдай тіркелген / Фото: kursiv.media

2023 жылы барлық министрлік бойынша жемқорлыққа қатысты ең көп фактілер ІІМ-де тіркелген. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Тілеукенов айтты.

«2023 жылы барлық министрлік бойынша жемқорлыққа қатысты ең көп жағдайлар Ішкі істер министрлігінде тіркелді – 193 адам. Төтенше жағдайлар министрлігінда – 31 адам, Қаржы министрлігінде – 25 адам, Қорғаныс министрлігінде – 17 адам», – деді Тілеукенов.

Сонымен бірге агенттік өкілі қазіргі уақытта Антикордың мұндай статистика жүргізбейтінін, елдегі жемқорлыққа қатысты резонансты оқиғалардан соң, жұмыс жүйесін өзгерткенін мәлімдеді.

«Агенттік қазіргі таңда мұндай тәсілді пайдаланбайды. Бұл көрсеткіштер біздің ішкі талдауларымыз үшін қажет. Бұл орайда жүйелі жұмысқа ден қойып отырмыз. Өйткені Талдықорғанда өздеріңіз білесіздер 4,5 млрд теңге ұрланды. Онда қылмыстық топта бухгалтерлер, білім басқармасының жетекшілері, ревизорлар мен аудиторлар болған. Осыдан соң, біз басқа өңірлерде де дәл осындай тексеріс жүргізуді жөн деп таптық. Дәл осындай ұрлық системасы біздің басқаша әрекет етуімізге жол ашты», – деді агенттік өкілі.

Жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлықтың алдын алу мақсатында жалпы жүйені цифрландыруға көшкен. Олар осы жағдай негізінде ұрлық болған осал тұстарды анықтап, дәл сол жерлердегі кемшіліктерді жою мәселесін пысықтап жатқанын мәлімдеді.

Түрмеге экскурсия

Агенттік сонымен бірге жемқорлармен күресте тың тәжірибелер пайдалануды көздеп отыр. Мәселен, түрмелерге экскурсиялар ұйымдастырады. Агенттік өкілі түрмедегі жағдайды өз көзімен көрген шенеуніктер қылмыс жасаудан бас тартуы мүмкін деп санайды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілер үшін тергеу изоляторларында тұрақты негізде экскурсиялар өткізеді. Алдын алу шараларына қатысушыларға тергеу кабинеттері, қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған камералар, тұтқындардың серуендеуге арналған орны көрсетіледі. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Түрмеге осындай экскурсиялар арқылы оларға бас бостандығынан айыру мекемелерінде болудың ауыртпалығын сезінуге, сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау салдарымен таныстыруға мүмкіндік беру», – дейді Арман Тілеукенов.

Сонымен қатар агенттік осындай жемқорлыққа қатысты соттарды ашық форматта өткізу тәжрибесін пайдалана бастағанын айтты. Мұндай соттарға мақсатты негізде сол салаға қатысы бар еңбек ұжымдарының қызметкерлері қатысады.

«Өткен аптада Ақтөбеде мемлекеттік қазынадан 413 млн теңгеден астам ақша ұрлап әкеткен №55 мектеп-гимназиясының бухгалтеріне қатысты сот отырысы өтті. Сот ашық режимде өткізілді. Процесті барлық білім бөлімдерінің қызметкерлері: облыстың 403 мектебінің директорлары, бухгалтерлері, педагогтары онлайн бақылап отырды», – деді агенттік өкілі.

Арман Тілеукенов агенттіктің бұл әдістермен мемлекеттік қызметшілерді қорқытуды мақсат етпейтінін айтты. Бұл тәжірибенің басты мақсаты – мемлекеттік сектордың әрбір қызметкеріне ой салу. Яғни олар заң бұзушылық жасаса, өзін не күтетінін алдын-ала біледі. Сонымен бірге агенттік олардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдары жайлы түсінік қалыптастыратынына сенімді.

Еске сала кетсек, 23 ақпан күні Ақтөбе қаласының № 2 соты Ақтөбе қаласының №55 мектеп-гимназиясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Тергеу мәліметтеріне сенсек, ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасап келген. Нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілген.

Сондай-ақ оқыңыз