Еңбек министрлігі: Балаларға арналған бірыңғай жәрдемақы енгізу туралы ақпарат жалған

Жарияланды (жаңартылды )
Еңбек министрлігі: Балаларға арналған бірыңғай жәрдемақы енгізу туралы ақпарат жалған / gov.kz

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі балаларға арналған бірыңғай жәрдемақы енгізетіні туралы ақпарат тарады. Министрлік бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады.

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде дауыстық хабарламалар мен бейнероликтер арқылы әр балаға 2024 жылғы шілдеден бастап 70 мың теңге мөлшерінде бірыңғай жәрдемақы енгізілетіні туралы ақпарат таралып жатыр. Бұл ақпарат – жалған, – делінген хабарламада.

Министрлік мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылатынын еске салды.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы және әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар туралы анықтама беру процесін автоматтандырғанын хабарлаған болатын. Енді бұл қызметті екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы алуға болады.

Бұрын бұл ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ тұрақты тұратын жері бойынша бөлімшелерінен қағазға шығарып, алуға болатын еді.

Қазіргі уақытта қызметті «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мобильді қосымшасынан алуға болады. Жақын арада осы ақпаратты алу мүмкіндігін «Kaspi Bank»АҚ қосымшасында жүзеге асыру жоспарланып жатыр.

Еске салайық, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың саны азайып келеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова мәлімдеген еді.

Елімізде кедейлік шегінен төмен деңгейдегі отбасыларға АӘК төленеді.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша АЕК алатын 539 мың адам немесе 102 мың отбасы бар. Былтыр АӘК-ті 700 мыңнан аса адам немесе 141 мың отбасы алды.

Сондай-ақ оқыңыз