«ҚазАвтоЖол» филиалы жұмысында олқылық болғанын ресми жоққа шығарды

Жарияланды (жаңартылды )
«ҚазАвтоЖол» филиалы жұмысында олқылық болғанын ресми жоққа шығарды / gov.kz

6 наурыз күні Бас көлік прокуратура сайты жолдың ақылы учаскесінде кәсіпкерлерден сома алуды тоқтатқанын хабарлады. Онда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы «Астана-Петропавл» автожолының қиылысында ауыр жүк көліктері иесіне жол жүру сомасын негізсіз есептегені жазылған. Дегенмен «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ сайты мұны жоққа шығарды.

Прокуратураның араласуымен автожолдың көрсетілген учаскесінде шамамен 3,5 млн теңге сомаға 605 бизнес субъектісіне жол жүру үшін есептелген сома жойылды. Ал заңдылықты бұзуды жою мақсатында жол өлшеу жүйесінің жұмысы қайта қаралып жатыр,  – делінген еді Бас прокуратураның сайтында.

Осы ақпараттан соң «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми сайты аталған бизнес субъектілерден қаржы өндіріп алу туралы шешім әлі шықпағанын хабарлады.

Аталған 605 пайдаланушыдан (берешегі – 3,5 миллион теңге) қаражатты өндіріп алу туралы шешім әлі жойылған жоқ. ҚР Көлік министрлігі біржақты шешім қабылдағанға дейін уақытша тоқтатылды, – делінген компания хабарламасында.

Көкшетау-Петропавл учаскесі 3 аймаққа бөлінген: 1. км 304 – 354 (50 км); 2. км 354 – 443 (89 км) және 3. км 443 – 473 (30 км). Бұл учаске ақылы болатыны енгізілгеннен кейін бірінші аймақ бойынша барлық сегментті өтпеген Көкшетау қаласының тасымалдаушылары ұжымдық шағым түсірген.

Компанияның хабарламасында «Көкшетау-Петропавл» автомобиль жолының бойында бірнеше өндірістік нысан бар екені, сол себепті әрбір съезде бақылау аркаларын орнату мүмкін емес екені жазылған.

«Жүргізушілердің барлық талабын жүзеге асыра алмаудың объективті себептері бар. Жол ақысын есептеу және алу бұйрық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. «Автомобиль жолдарының учаскелерін пайдалану туралы» бұйрықтар мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі және әділет органдарында тіркеледі», – делінген хабарламада.

Бас көлік прокуротурасының хабары

6 наурызда күннің бірінші жартысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Астана-Петропавл» автожолына жауапты филиалы 605 тасымалдаушыдан негізсіз ақша ұстап келгені хабарланған еді. Тасымалдаушылардың құқы бұзылғанын Көкшетау қаласының көлік прокуратурасы анықтаған. Құзыретті орган ақылы учаскелерде жол жүру ақысын төлеу бойынша заңнаманың сақталуына талдау жүргізген. Тексеріс нәтижесінде 605 кәсіпкердің 3,5 млн теңгесі негізсіз алынғаны белгілі болған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалы «Астана-Петропавл» автожолының қиылысында ауыр жүк көліктерінің иелеріне жол жүру сомасын негізсіз есептеген. Ақылы учаске Көкшетау қаласы арқылы өтетін жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының 304 шақырымынан басталады, алайда бірінші бақылау аркасы 309 шақырымда орналасқан», – делінген прокуратура хабарламасында.

Ақылы жол пайдалану ережесіне сәйкес, пайдаланушы ақылы автомобиль жолына кірген кезде және бақылау аркасы арқылы өту кезінде жол операторының жария шартының талаптары қолданылады. Сол шарттарға сәйкес, мұндай жағдайларда кәсіпкерлік субъектісі үшін 5 км жол жүрудің құны 50 км-ге теңеседі.

«ҚазАвтоЖол» 69 мың автожүрзушіге төлем қайтарады

Көлік прокуратурасы «ҚазАвтоЖолдың» 69 мың автожүргізушіге 38 млн теңге төлемін кері қайтаратынын хабарлады.

Қарағанды көлік прокуратурасы тексеру барысында автокөлік жүргізушілерінің құқықтарына қайшы келетін талаптарды анықтаған. Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» тіркеу нөмірін ауыстырған жүргізушілердің есебіндегі қаражатты қайтармаған.

Прокуратураның араласуынан кейін ғана тұтынушылардың мүліктік құқықтарын қалпына келтіру жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Ұлттық оператор өз мүддесі үшін дұрыс жұмыс жүргізбген болып шықты. «ҚазАвтоЖол» қызметін тұтынатын 138 мың адам 3 жылда жалпы сомасы 50 млн теңге қарыз болған. Оларды қайтару мәселесіне оператор ден қоймаған. 

Сондай-ақ оқыңыз