«Сейсмологтар бейшараның күйін кешіп отыр»: Депутат Алматыдағы сейсмология институтының мәселесін көтерді

Жарияланды
kursiv.media

Мәжіліс депутат Бақытжан Базарбек Алматыдағы сейсмикалық институттың жағдайы мүшкіл жағдайын жеткізді. Ондағы ғылыми қызметкерлердің жобаларын министрлік кері қайтарып, тіпті айлықтарын да уақытылы алмайтынын атап өтті.

Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Бақытжан Базарбек Алматыдағы сейсмикалық институттың бүгінгі ахуалын баяндап берді.

«Дүйсенбі күні Алматыда үлкен жер сілкінісі болды. Күні кеше мен Алматыдағы сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Сіз қазір осы жерде «үкіметтен қолдау көрсетіліп» жатыр деген бірталай іс-шараларды айтып отырсыз. Іс жүзінде, олар бейшараның күнін көріп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбады. Ғылыми жобаны жоғарғы министрлікке жіберсе оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландырудан кесіп тастады. Қажет десеңіз, олар айлығын ала алмайды. Міне, сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сейсмостансалардың өзі қаңылтыр темір. Сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі осындай. Қазір сейсмология институты қазір ТЖМ қарамағында. Сейсмолог ғалымдардың пікірінше, бұл – қателік. Оны ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Осыған қалай қарайсыз?», – деп сауал жолдады депутат.

Депутат сауалына жауап берген министр Саясат Нұрбек кезінде бірталай институт салалық министрліктерге берілгенін айтты.

«Ауыл шаруашылығында да көп мәселе жиналып қалды. Оның ішінде сейсмология институты да қазір ТЖМ құзыретінде. Өкінішке қарай, ол дұрыс емес. Бірақ олар салалықпен кеткендіктен толыққанды қаржыландыру да жоқ. Біз де оларға толыққанды кіріп, ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан қайтарылса біз қарсы болмаймыз. Бірақ биыл сейсмологиялық институтқа 3,5 млрд теңге көлемінде үлкен нысаналы бағдарламалық грант беріп отырмыз. Берілгені, менің пікірімше, дұрыс болады», – деді ведомство басшысы.

Алдағы уақытта Алматыдағы Сейсмология институтына бөлінетін қаражат көлемі 4-5 млрд теңгені құрауы мүмкін екенін жазғанбыз. Нақты сома Ғылыми-техникалық комиссия отырысынан кейін белгілі болатыны айтылған.

«Біз былтырдан бері мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында институтқа бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып жатырмыз. Қаражат тиісті жабдықпен қамтамасыз етуге, кадрлардың әлеуетін күшейтуге жұмсалады. Төтенше жағдайлар министрлігімен келісілген, биылғы жылға арналған ғылыми-техникалық тапсырмалар тізімі бар», – деді Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, 4 наурызда сағат 11.22-де Алматыдан 35 шақырым жерде магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі болды. Алматы тұрғындары күші 5 балдық жерасты дүмпулерін сезінді.

Сондай-ақ оқыңыз