5G төңірегіндегі бәсеке: отандық шенеуніктердің әрекеті президенттің жоспарына кедергі келтіріп отыр ма?

Жарияланды
5G
Елімізде 5G мобильді байланыс стандартын кең ауқымда енгізу үрдісі кейінге қалдырылды/коллаж:kursiv.media

2025 жылға қарай 5G байланыс стандартын тиімді етіп енгізу үшін Қазақстан – инфрақұрылымға инвестиция салып, нарық ережелеріне сай қызмет көрсетуге дайын отырған жаңа байланыс стандартының барлық операторына нарыққа кіруге бірдей жағдай жасауға тиіс.

Назарсыз қалған ақпарат

Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның телекоммуникация нарығы рентабельділік деңгейі бойынша озық саланың бірі деп танылды. Соған қарамастан, жаңа технологияларды енгізу барысында бұл сала жылдам қарқынымен ерекшелене алған жоқ. 2024 жылдың ақпан айының басында белгілі болғандай, елімізде 5G мобильді байланыс стандартын кең ауқымда енгізу үрдісі кейінге қалдырылды. Ал бұл ақпарат көпшіліктің назарына аса іліге қойған жоқ.

2023 жылдың қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішін 5G желісімен қамту үрдісін бастапқыда жоспарланған 2027 жылға дейін емес, 2025 жылға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Сол тұста отандық мобильді операторлардың басшыларына жақын дерек көздері Kursiv.Media-мен әңгіме барысында – ағымдағы жағдай аясынан алып қарағанда, бұл міндеттің тез арада жүзеге асуы күмәнді деген пікір айтқан-тын.

Ал биылғы жылдың ақпанында президенттің тапсырмасы іс жүзінде орындаусыз қалатынын үкімет те мойындады. «5G байланысы іске қосылды, оны қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Келесі жылы 8 миллионнан астам адамды 5G байланысымен қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді қазір енді экс-премьер Әлихан Смайылов Digital Almaty–2024 форумында. Ендеше 2025 жылы ел халқының 60%-ға жуығы 5G стандартынан сырт қалуы ықтимал ғой?

Олай болса, президент Тоқаевтың бұл тапсырмасын жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырған не немесе кімдер?

Мардымсыз жылдамдық

Халықаралық электрлік байланыс одағының (ITU) анықтамаларын басшылыққа алар болсақ, соңғы жиырма жылда Қазақстанның ұялы байланыс нарығында толыққанды бәсекелестік жүріп жатты: онда бір-бірінен тәуелсіз, кем дегенде екі, кейде, тіпті үш ойыншы қатарласып тұтынушыларға қызмет көрсетті.

Дегенмен Қазақстанның антимонополиялық органдары тарапынан бұл нарыққа қатысты арагідік «монополия», «өзара келісім», «картель» дегендей пікірлер естіліп жатты. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) 2022 жылдағы тауар нарықтарындағы бәсекелестік туралы есебінде (2023 жылдың ортасында жарияланды) Қазақстандағы ұялы байланыс нарығы дуополиялық сипатқа ие деп көрсетті. Яғни онда «тек 2 нарық субъектісі бар – 60%-дан астам үлеске ие «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы («Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС: Tele2/Altel), сондай-ақ жеке оператор «Кар-Тел» ЖШС (Beeline)». Ал, айталық, халық санын Қазақстанмен салыстыруға болатын, бірақ халықтың қоныстану тығыздығы жоғары әрі жер аумағы біздікінен анағұрлым кішірек, мысалға, Финляндия, Норвегия, Дания, Словения, Израиль секілді елдердің –телекоммуникация нарығында 4–5 шақты оператор жұмыс істейді.

«Нарық мемлекеттің қатысу үлесі басым болуымен және бос радиожиіліктердің жоқтығымен сипатталады. Нарықта мемлекеттің қатысу үлесі жоғары деңгейде сақталуда, бұл – нарықтың бүгінгі жағдайына теріс жағынан әсер етуде, – деп түйіндейді БҚДА. – Нарық ішіндегі мемлекеттік монополия мен шоғырлану үрдісінің жоғары болуы салдарында, операторлар арасында тұтынушы үшін бәсекелестік төмендей түскені байқалуда, сонымен қатар, бағаларды бір жақты өсіру, тұтынушыларға сұраныссыз қызметтерді таңу, байланыс және интернет қызметінің нашар сапасы тұрғысындағы шағымдар ұлғая түскен».

«2022 жыл мен 2023 жылдың аралығында тарифтердің өсуі мен сұраныссыз қызметтерді келісімсіз қосу тұрғысында 200-ден астам шағым келіп түсті», –деп көрсетеді БҚДА сарапшылары 2021 жылдан –2023 ж. І тоқсаны аралығындағы кезең бойынша ұялы байланыс нарығындағы бәсекелестікті зерттеу қорытындысында. Бұл құжат 2024 жылдың қаңтар айының ортасында жарияланды.

Көрсеткіштер не дейді

Цифрландырудың жекелеген көрсеткіштері бойынша Қазақстан барынша дамыған елдердің тобында болғанымен, мысалға, Электрондық үкіметтің даму индексінде 30 елдің қатарында, интернеттің жылдамдығы бойынша көшбасшы елдерден біршама алшақ жатыр.

Ookla компаниясы тұрақты негізде әзірлейтін Speed ​​​​Test Global Index аясындағы көрсеткіштерге сай, Қазақстан 2024 жылдың қаңтарының соңында мәліметтерді жүктеу жылдамдығы бойынша 69-шы (мобильді интернет) және 102-ші (бекітілген интернет) орындарға жайғасқан. Бұл тұрғыда топ-20 елдегі шекті мәнге шаққанда, мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша біз 2,7 есе, ал бекітілген интернет бойынша – 3,8 есе арттамыз. Ал егер топ-20 елдегі медиандық мәндер туралы айтар болсақ, онда олардағы жылдамдық көрсеткіші біздікінен – мобильді байланыс сегментінде 3,6 есе, бекітілген интернет бойынша – 4,7 есе жоғары.

Шыны керек, соңғы 12 айда Қазақстан абсолютті көрсеткіштер бойынша елеулі деңгейде алға жылжи алды: 2024 жылдың қаңтар айының соңында жүктеу жылдамдығы жылма-жыл есептегенде 59%-ға (мобильді интернет) және 21%-ға (бекітілген интернет) өсті. Бірақ тізім басындағы елдердегі көрсеткіштер де қарқындап өсіп, бастапқы алшақтық бәрібір айқындала түсті. Бекітілген интернет жылдамдығы ең жедел ел Сингапур бұл тұрғыда 18% қосқан, ондағы жылдамдық көрсеткіші бізден 5,7 есе жоғары. Біріккен Араб Әмірліктері (мобильді интернет бойынша жаһандық деңгейдегі көшбасшы ел) – 87% қосқан, мұндағы мобильді интернеттің жылдамдығы Қазақстандағымен салыстырғанда 8,6 есе жылдам.

Құрылым өзгерген жоқ…

Қазақстанда 5G жаңа стандартын іске қосу барысы – БҚДА бәсекеге қабілетті деп шешіліп айта алмаған процедуралар аясында жүзеге асты. 2022 жылдың желтоқсанында өткен 5G жиіліктеріне арналған аукцион форматы, яғни «алтын» диапазондағы (694–790 МГц) ірілендірілген екі лотты сату – жағдайды жақсарта алған жоқ. Оның сыртында, жиіліктерді тағайындауды реттеуші нормативтердің өз ережесі бар: еліміздің алты аймағында жұмыс істейтін желісі және бес жылдық тәжірибесі бар компания ғана бұл жиіліктерге қол жеткізе алады. Басқаша айтқанда, желіңіз жоқ екен, сізге жиілік сатылмайды, ал егер жиілікті сатып алатыныңызға кепілдік болмаса, желі салудың қажеті не? Мұндай талаптарды БҚДА –жаңа ойыншылардың нарыққа кіруіндегі негізгі кедергінің бір деп есептейді.Тіпті 2023 жылдың басында Қазақстанда жұмыс істеген 20 байланыс операторының ішінде мұндай шарттарды орындауға 10-ы ғана сай болған.

Сол кезде 5G жиіліктері бойынша өткен аукционда «Қазақтелекомның» еншілес компаниялары: Kcell консорциумы мен Mobile Telecom Service жеңімпаз атанды.

«Аукцион қорытындысы бойынша нарық құрылымы өзгерген жоқ, – деді БҚДА өкілдері сонда. – Нарықтың шоғырлану көрсеткіші әлі де жоғары. 5G желісінде қызмет көрсетуді мемлекет «Қазақтелеком» АҚ тобы негізінде монополиялап отыр. Ұялы байланыс қызметерінің тарифтері өсе түсті».

Ұялы байланыс операторларының абоненттік базасы тұрақты болғанымен, нарықта инвестиция ауқымы төмендеп кеткені байқалуда, деп көрсетеді БҚДА сарапшылары, зерттеу кезеңіндегі көрсеткіштерді меңзеп (2021–2023). Олар сондай-ақ осы кезеңде операторлардың байланыс қызметін көрсетуден түскен пайдасы өскенін де алға тартады.

Қарапайым тілмен айтар болсақ, отандық мобильді байланыс нарығын дамыту жолындағы негізгі кедергілердің түп-төркіні – жаңа технологияларды монополиялау дегенге келіп тіреледі, өйткені монополиялы ортада кез келген нарықтың даму мүмкіндігі шектеулі. Естеріңізде болса, көрші Өзбекстанмен салыстырғанда біздің нарықта 4G стандарты да біршама кеш қосылды. 2012 – 2016 жылдар аралығында бұл желілерді сол тұста «Қазақтелеком» иелігінде болған оператор – Altel компаниясы жеке дара пайдалануға алған-ды. Сол кезде сарапшылар, 3G стандарын қосуда да осыған ұқсас оқиғалар болғанын еске алды. Ал ұлттық компанияның басшылығы бұл жағдайды: еліміздің шалғай өңірлерін байланыс желілерімен қамтып отырған «Қазақтелекомға» әлеуметтік жауапкершілік жүктелетінін алға тартты.

Бесінші стандарт

Мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша көш басында келе жатқан елдердің озық көрсеткіштері 5G стандартының кең ауқымда таралуы негізінде мүмкін болды. Бұл стандарт мейлінше сапалы әрі қолжетімді деуге тұрады. «5G стандартын жеделдетіп енгізу ірі қалаларды барынша қамтитыны анық, бірақ 5G абоненттерінің өсуіне ықпал етуші фактор – 5G стандартын қолдайтын смартфондардың және олардың бағасының қолжетімділігі», – деп көрсетеді Ookla мамандары биыл ақпанда жария етілген Қазақстанға қатысты есебінде.

Өз кезегінде операторлар, жаңа стандарттың енгізілуімен тарифтер де көтеріледі дегеннен жаңылатын емес. 5G жиіліктеріне иелік етуші компаниялар, әдетте, тарифтердің өсуін түсіндіре келе, «жаңа технологияларды енгізіп, дамыту» шығындары дегендей жалпылама тіркестерді қолдануға бейім.

Халықаралық практика көрсетіп бергендей, жаңа стандартты енгізу мен тарифтер динамикасы арасындай қандай да бір заңдылық бар деуге айтарлықтай негіз жоқ. Әсіресе, бұл тұрғыда 5G енгізудегі жетекші елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ. Бұл елдерде кең жолақты мобильді байланыстың ең аз деген пакетін қолданатын тұтынушылардың салыстырмалы шығыны өскеннің күннің өзінде соншалықты шарықтай қоймаған. ITU мәліметтері бойынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі бес жылда мобильді интернеттің ең аз деген стандартты пакетінің құны жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыстың 0,42%-ын құраған (яғни, бар болғаны 0,05 пайыздық тармаққа өскен). Қытайда және Норвегияда бұл көрсеткіш, керісінше, төмендей түскен, сәйкесінше 0,91%-дан 0,61%-ға дейін және 0,45%-дан 0,37%-ға дейін.

Әрине, әр елде тарифтердің арзандау себебі әртүрлі. Бірақ Қазақстанда тиімділік резервіне арқау болар негізгі көрсеткіштер – нарық ішіне жаңа ойыншыларды тарту және баға бәсекелестігін нығайту дегенге келіп тіреледі.

«Жоғалған жылдар»…

Байқауымызша, қазіргі таңда нарықтың шоғырлануы мен сала ішіндегі мемлекеттің үлесін азайтуды жақтайтындар қатары мемлекеттік органдарда көбейіп келеді. 2020 жылдың соңында-ақ «Қазақтелекомның» бақылауындағы операторлардың бірін саудаға шығаруды ұсынған бірінші шенеунік Серік Жұманғарин – бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басшысынан вице-премьер лауазымына дейін көтерілді.

Бұл салада нарықтық әдістерді қолдауды жақтайтын тағы бір шенеунік, әрине, цифрлық даму министрлігінің басшысы Бағдат Мусин.

«Соңғы он жылда біз құрдымға кетуге шақ қалған нормаларды қайтарып жатырмыз. Осы уақыт ішінде жекелеген тұлғалар белгілі бір ойыншылардың монополиялық жағдайына бәрін салу үшін осындай реформаларға жол берді, – деп мойындады Мусин nFactorial Podcast-қа берген сұхбатында.  – Сәйкесінше бізге қазір нарықтағы бәсекелестікті, барлық бақылау тетіктерін қалпына келтіру үшін заңды түзетуге тура келеді. Өйткені, өкінішке қарай, реттеуші орган ретінде біз бүгін, айталық, айыппұл салып немесе байланыс операторларына талап қоймас бұрын бюрократияға белшеден батуға мәжбүрміз».

Десек те, сала ішінде соңғы он жылда сылбырлық, әрекетсіздік қалыптасып үлгергенін ескерсек, нарықтағы бәсекелестік ережелерін кеңейту мүмкіндігі біршама күмәнді көрінеді. Мемлекеттік сектордың бір ұпайы қашанда түгел. Әдетте олар антимонополистердің қысымын әртүрлі дәлелдерді қолдана отырып, кезең-кезеңімен еңсеріп келді. Телекоммуникация секторында БҚДА қол жеткізген бірден-бір жетістік деп «Қазақтелекомға» өз бақылауындағы операторлардың бірі «Мобайл Телеком – Сервис» компаниясын сатқызуын айтуға болады.

Ал бұл нарықта жеңіске жету үшін бәсекелестік ортаны қолдаушыларға тек радикалды бағытты таңдауға тура келмек. Яғни нарық ішіне қосымша негізде жаңа ойыншылар (жеке бизнес өкілдірін) тарту деген тұрғыда. Бұл арада, әрине, БҚДА айтып жүрген кедергілерді алып тастау қажеттіліктігі арта түседі. Нарық іші – инфрақұрылымға инвестиция салуға дайын отырған барлық оператор үшін қолжетімді болуы тиіс, керісінше жағдайда отандық телекоммуникация саласы кезекті мәрте «жоғалған он жылдықпен» бет-бет келуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз