Қырғызстанда іс-сапарға бизнес-класпен ұшуға құқылы шенеуніктердің тізімі бекітілді

Жарияланды (жаңартылды )
Қырғызстанда іс-сапарға бизнес-класпен ұшуға рұқсат етілген шенеуніктердің тізімі бекітілді / коллаж kursiv.media

Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров қызметтік іс-сапарға бизнес-класпен ұшуға құқылы лауазымды тұлғалардың тізімін бекітті.

AKИpress басылымының ақпаратына сәйкес, Ақылбек Жапаров 2024 жылы 22 ақпандағы №66-өкіміне қол қойды. Шешім Қырғызстан мемлекеттік бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдарға бөлінетін бюджет қаражатын ретке келтіру және ұтымды пайдалану үшін қабылданған. 

Тізімге сәйкес, енді бизнес-класпен іс-сапарға ұшуға құқылы:

  • Президент;
  • Жоғарғы кеңес төрағасы;
  • Министрлер кабинетінің төрағасы-президент әкімшілігінің басшысы;
  • Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары;
  • Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары;
  • Министрлер кабинетінің мүшелері;
  • Президент іс басқарушылары;
  • Президент әкімшілігі басқармасының бастығы.

Министрлер кабинетінің ұсыныстары

Айта кетейік, осыған дейін Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров мәдениет министрлігінің алқа отырысында той өткізу дәстүрін ретке келтіру жайлы сөз қозғаған.  

Министрлер кабинеті төрағасының айтуынша, бүгінгі күні қырғыздардың тойлары асабаның құзіретіне не болмаса той иелерінің қалауына байланысты өтеді. Осыдан барып қырғыз тойларының мазмұны дәстүрден алшақтап барады.

Ақылбек Жапаров той шетелде өтсе де, Қырғызстанда өтсе де, бірдей болу керек деген ойын ортаға салды.

«Салт-дәстүр бірдей болу керек. Қырғыздар тұсау кесер, қыз ұзату, үйлену тойларын тойлайды. Тойды бәрі бірдей салт-дәстүрге сай өткізсе жақсы… Әр асаба тойды қалауынша өткізеді. Әр отбасы мәдениетінің деңгейі шамасында өткізіп жүр. Піл болса, оны да той залына кіргізер еді. Тойханаға тіпті ат кіргізеді. Той өткізуді ретке келтіру керек. Елге келген туристер немесе өзіміз шетелге шықсақ та, шетелдіктер біздің салт-дәстүрімізді тойларға қарап бағалайды», – деді Ақылбек Жапаров.

Еске сала кетер болсақ, Қырғыз билігі той өткізуді 2022 жылдан бастап ретке келтіре бастаған. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров елдегі шенеуніктерге той және құдайы тамақ үстінде мал бауыздауға тыйым салатын жарлыққа қол қойған.

 Сондай-ақ той өткізудің түрлі формасының кездесуі қазақтар үшін де таңсық емес. Қатардан қалмайық деген желеумен әдемі тойхана, жүздеген адам шақырып, аста-төк той жасау салтқа айналып барады. Үйлену той, сүндет той болсын, халық кредит алып шығындалатын болған. Кез келген несие жауапкершілікті талап етеді. Ал қыруар қаржыға той жасау бақытты өмірдің кепілі болмайтыны тағы бар. 

Сондай-ақ оқыңыз