Жаңалықтар

Оңтүстік кореялық танымал бренд Орта Азия нарығына Қазақстан арқылы жол салмақ

Оңтүстік кореялық бренд Қазақстанға келді / CU

Оңтүстік кореялық үй маңындағы дүкендер желісі Қазақстан нарығына енді. Сол елдің ірі операторы BGF Retail-мен осылайша Орта Азия нарығына жол салмақ. Корейлік CU брендінің елімізге келуіне Қазақстандық «Шин-Лайн» компаниясы ықпал еткен.  «Үй маңындағы» алғашқы дүкен Алматы қаласында ашылды.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба аясында 2030 жылға дейін экономикаға 50 млрд теңге инвестиция салынып, осы жылы 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта 500 жуық CU «үй маңындағы дүкенін» ашу жоспарланған.

«Шин-Лайн» компаниялар тобының директоры Андрей Шин дүкенде ұсынылған тауарлардың үштен бір бөлігі Кореядан тікелей тасымалданса, үштен бір бөлігі отандық өндірістен сатылып алынатынын айтты. Ал қалған бөлігі «Шин-Лайн» компаниясының Алматы облысындағы өндіріс орындарында өндірілетінін атап өтті. 100-ге жуық өнімді өндіру үшін Алматы маңында өндіріс орны ашылып, одан бөлек, тауарларды бөлу қоймасы да пайда болған.

«Арнайы CU дүкендер желісі үшін «Шин-Лайн» өндірістік кешенінің негізінде бірегей «фабрика-ас үй» құрылды, қазіргі таңда желінің әрбір дүкені үшін тағамдарды дайындау орталықтандырылған және компания стандарттарды мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етеді. Меншікті орталықтандырылған қойма мен меншікті дистрибуция жаңа өнімдерді жеткізу мерзімі мен өндіріс тізбегіндегі делдалдар санының төмендеуін қамтамасыз етеді. Бұл тұтынушы үшін өнім сапасы мен бағасына оң әсер етеді. Осы жобаның барлық тізбегінің жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін Алматыда 600 жұмыс орны ашылады», – деп атап өтті Андрей Шин.

Оның айтуынша, СU дүкені үзіліссіз, күндіз-түні жұмыс істейді. Мұнда Қазақстан мен Оңтүстік Корея тауарларынан бөлек Қытай мен Жапония өнімдерін табуға болады. Брендтің Кореяда 17000 дүкені бар. Әзірге Қазақстанда 500 дүкен ашу жоспарланған. Компания алдағы уақытта Орталық Азия елдеріне бет бұруды көздеп отыр.

Қазақстандағы Оңтүстік кореялық инвестиция

Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85%-ға өсіп, жаңа рекордтық – 1,5 млрд долларға жеткен. Бұл жайлы ҚР-ның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Оңтүстік Кореяның сауда министрі Ан Док Гынмен кездесуі барысында айтылған

Екі тарап инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Премьер-Министр былтыр екі жақты тауар айналымы 2,3 есе өсіп, $6,1 млрд-тан асқанына тоқталды. Ал биылғы жылдың 8 айында тағы 11%-ға өскен. 

Сондай-ақ үкімет басшысы Оңтүстік Корея еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлардың топ-10-дығының қатарында тұрғанын атап өтті. Бұл елден, соңғы 18 жылда 9,2 млрд долларға жуық инвестиция тартылған. Ал былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85%-ға өсіп, жаңа рекордтық – 1,5 млрд долларға жеткен. Смайылов Қазақстан Үкіметі тарапынан алдағы уақытта да инвесторлардың елімізде жайлы жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын жеткізді.