Қазақстанға көшкен Polymetal акционерлері ресейлік активтерді сату туралы келісімді мақұлдады

Жарияланды
Polymetal International акционерлері ресейлік активтерді сату туралы келісімді мақұлдады / shutterstock және polymetalinternational.com

Polymetal International акционерлері компанияның ресейлік активтерін сату туралы келісімді мақұлдады. Бұл туралы компания баспасөз қызметі хабарлады.

«Polymetal International plc 2024 жылғы 7 наурызда, Астана уақыты бойынша сағат 11:00-де өткен акционерлердің жалпы жиналысында директорлар 2024 жылғы 19 ақпанда ұсынған шешімнің қабылданғанын хабарлайды», – делінген ақпаратта.

Акционерлердің 96,74%-ы компанияның ресейлік активтерін сатуды қолдады. 1,44%-ы қарсы шығып, 1,82%-ы қалыс қалған. Дауыс беруден кейін компанияның 2024 жылдың 19 ақпанында жарияланған ресейлік бизнесті сату туралы бастамасы мақұлданған болып есептеледі. Компания жақын арада келісімді толық аяқтауды жоспарлаған.

Polymetal International ресейлік активтерін сатуы

Ақпаратқа сүйенсек, компанияның ресейлік активтерінің («Полиметалл» АҚ) 100%-ын ресейлік «Мангазея Майниң» АҚ құрамына кіретін «Мангазея Плюс» компаниясы 3,69 млрд долларға сатып алмақ. Келісімнен кейін түскен пайдадан 300 млн долларды Ертіс тау-кен өндірісіндегі құрылысқа және компанияның дамуына жұмсау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2023 жылы тамызда Ресейдегі ең ірі күміс өндіруші және әлемдегі алғашқы бестікке кіретін Polymetal компаниясы ресейлік активтерін сатуға ниетті болған. Бұл жайлы инвесторлармен өткен конференцияда компания басшысы Виталий Несис айтқан. 

Компанияның Ресейдің Магадан мен Свердлов облыстарында, сондай-ақ Хабаровск өлкесінде, Якутия мен Чукоткада кәсіпорындары бар. Қазақстанда компанияның екі кеніші бар. 

Polymetal Қазақстанға көшуі

Еске сала кетсек, 2023 жылы мамырда АҚШ «Полиметалл» АҚ (Ресейде тіркелген компания) санкциялық тізімге енгізді. Компанияның атқарушы директоры Виталий Несис компанияның Қазақстандағы активтері санкцияға ұшырамайтынын айтты.

Санкцияға ұшыраған соң, компания акционерлері Қазақстанға ауысуды мақұлдады. Компанияның Қазақстанға ауысуын акционерлердің 92%-ы қолдаған.

2023 жылдың тамыз айында ресейлік Polymetal International plc  компаниясы Джерси оффшорлық аралынан Астана халықаралық қаржы орталығына көшу жұмыстарын толық аяқтады.  

Компания Қазақстанға көшкеннен кейін ресейлік бизнесті бөлуді жоспарлаған. Бірақ АҚШ санкциялары бұл процесті қиындатып жіберді. Соған байланысты Polymetal Ресей Федерациясындағы активтерін сатқысы келген.

Сондай-ақ оқыңыз