Жаңалықтар

ҚР Қорғаныс министрлігі Қазақстан Украина үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Бұған дейін Ресейлік БАҚ Қазақстан мен Украина туралы таратқан ақпарат шындыққа жанаспайды / Фото: архив kursiv.media

7 наурыз ресейлік БАҚ «Киев Астанамен ресейлік әскери өнімдерді сатып алу мәселесін талқылап, қос тарап осы бағыттағы келіссөздерді бастады» деген ақпарат таратты.

Киев Астанамен астыртын келіссөз жүргізді ме?

Бұл ретте олар мұндай ақпаратпен сенімді дереккөздері бөліскенін жазды.

«Укрспецэкспорт» Қазақстан мен Украина қарулы күштерінің қажеттіліктері үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуде», – деп хабарлады РИА Новости.

Ресейлік БАҚ жарыса жазған ақпарат шындыққа жанаспайды

Алайда бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жоққа шығарды.

«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстан Украина Қарулы күштерінің қажеттілігі үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алу туралы «Укрспецэкспортпен» келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 2022 жылдан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын хабарлаймыз. Мұндай тұспалдаулар Қазақстан Республикасының беделін түсіруге бағытталған. Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан таратылған қауесеттерге көңіл аудармауын және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуін сұраймыз», – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігі.

Қазақстанды Ресейге салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті ме?

Еске сала кетсек, Bloomberg басылымы Қазақстанды Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесті деп айыптады. Шектеу шеңберіндегі тауарлардың төрттен бір бөлігі Ресейге тікелей Еуропадан тасымалданады. Қалған бөлігі Ресейге сауда шектеулеріне қарамастан, астыртын үшінші елдер арқылы жолданады. Басылым меңзеп отырған елдер қатарында Қазақстан да бар.

Айта кететіні, Еуропалық Одақ бірінші кезекте қару-жарақ өндірісіне қажетті технологиялар тасымалдауға тыйым салған. Оның ішінде зымырандар өндіруде қолданылатын қосалқы бөлшектер мен электроника бар.

Bloomberg дерегінше, бұл сауданың көп бөлігі ЕО-дан тыс шағын компаниялардың желілері арқылы өтеді. Олардың басым бөлігі Қытайда тіркелген. Жабдықтарды қадағалау қиын, өйткені оларды жеткізушілер мен сатушылар көп.

Бұған дейін ЕО Ресейге қарсы санкциялардың 13-ші пакетін жариялады

Ол тізімде қазақстандық «Elem Group LLP» компаниясы бар. Қазақстандық кәсіпкерлер санкция салынған елге тауар жеткізген деп айыпталып отыр.

Былтыр Сыртқы істер министрлігі Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайтынын мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.

2023 жылы 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары бірқатар елдерге ескерту жасады. Атап айтқанда, Ұйым Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуін талап етті. Сонымен қатар тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды