Жаңалықтар

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: жеке тұлғалардың криптовалютамен операция жүргізуі заңсыз

Криптовалюта көбінесе алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуда қолданылады /Фото: архив kursiv.media

Қаржылық мониторинг агенттігі жеке тұлғалардың криптовалютамен заңсыз операциялар жүргізгенін хабаралды.

Криптовалюта көбінесе алаяқтық, қаржылық пирамида және қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату сияқты қылмыстарда қолданылады.

Осыған байланысты ҚМА Қазақстан аумағында бұған қатысты бірнеше операцияға тыйым салынғанын еске салды:

  • қамтамасыз етілмеген сандық активтерді шығаруға (Bitcoin, Ethereum және т. б.);
  • қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына (Bitcoin, Ethereum және т. б. арқылы өзара есеп айырысу);
  • қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне (қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді валютаға және валюталарды қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге айырбастау жөніндегі қызметтер).

Шектеудің бір ғана ерекшелігі бар. Ол «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензиясын алған биржалардың қызметіне шектеу қойылмаған.

Еске сала кетсек, биткоин бағасы тарихи максимумды жаңартқаннан кейін, көп ұзамай құлдырады. Трейдерлер әлі де криптовалютаға оптимистік көзқараспен қарайды.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, биткоин бағамы 5 наурыз күні кешке максимумды жаңартқаннан кейін, бірнеше сағат ішінде 14% – ға төмендеді. Сондай-ақ 69,2 мың долларға дейін жетіп, жаңа рекордтық көрсеткішті иеленді.

Coinglas криптовалюта деректерін бақылаушының айтуынша, Binance крипто биржасындағы биткоиннің қазіргі бағасы 63,3 мың долларды құрайды. Бұл жаңа рекордтан 8,5% төмен.

Standard Chartered валюталық зерттеулер бөлімінің басшысы Джефф Кендрик қаңтар айында биткоин құнының 2025 жылдың соңына қарай 200 мың долларға дейін өсуі мүмкін дейді. Binance криптобиржасының қазақстандық өкілдігінің басшысы Жасұлан Мәдиев ұзақ мерзімді перспективада биткоиннің құны  1 млн доллардан асуы мүмкін деді.

Айта кетейік, биткоиннің нарықтағы құны жыл басынан бері 50% өскенін жазғанбыз.