Қазақстанда 17 жасқа дейінгі балалар үлесі 34%-дан асқан – Экономикалық зерттеулер институты

Жарияланды
балалардың үлесі
Қазақстанда балалардың үлесі 2005 жылдан бері артып келеді / Фото: kursiv.media

2023 жылдың статистикасына сәйкес 0-17 жас аралығындағы балалардың үлесі халықтың жалпы санының 34,1 пайызын құраған. Бұл деректер Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Шынар Төлешованың мақаласында келтірілген.

Сарапшы мәліметінше, 2005 жылдан бастап Қазақстанда туу деңгейі көтеріліп келеді. Бұл жағдай халықтың жас құрылымындағы балалар үлесінің артуына ықпал еткен.

«2023 жылдың басындағы жағдай бойынша 0-17 жас аралығындағы балалардың үлесі халықтың жалпы санынан 34,1%-ды, яғни 6 738 016 адамды құрады», – дейді сарапшы.

Ал еліміз бойынша туу деңгейі жоғары өңірлерде, сәйкесінше балалардың салыстырмалы түрде үлесі де артқан. Мәселен, Түркістанда – 43,3%, Маңғыстау облысында – 41,8%, Шымкент қаласында – 40,5 құрайды. Яғни сол аумақтағы тұратын халықтың жартысына жуығы балалар екен.

Сонымен бірге елімізде төртінші және одан жоғары балалардың туылу жағдайы да жиілеген. Статистикаға сәйкес отбасында төртінші немесе алтыншы, жетінші болып туғандардың үлесі 2018 жылғы 19,7%-дан, 2022 жылғы 29,2%-ға өскен. Тиісінше, көп балалы болуына байланысты жәрдемақы алушылардың саны екі еседен де асып түскен. 2018 жылы көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алатын 270 861 адам болса, 2022 жылғы көрсеткіш бойынша олардың саны 501 158 адамға жеткен.

«Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың бөлінетін көлемінің өзгеруі, оның өңірлік айырмашылықтары елдің демографиялық дамуымен тығыз байланысты», – дейді маман.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2022 жылы ел халқының барлық ақшалай табысының 3,7%-ы жәрдемақыдан тұрған. Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіш Түркістанда – 7,2%, Қызылордада – 7,1%, Маңғыстауда – 6,3% болған.

Маман балалар санының өсуімен бірге және басқа да себептерге байланысты елімізде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың да саны артып келе жатқанын айтады. 2018 жылы елімізде мүмкіндігі шектеулі 153 230 адам болса, 2022 жылы 188 144 адамға дейін өскен. Ал мүгедектігі бар 0-17 жас аралығындағы балалар саны 2018 жылғы 86 956 адамнан 104 260 адамға дейін артқан.

Балалардың үлесі қартаю процесін басып оза алды ма?

Қазақстанда балалар санының артуымен қатар қартаю процесі де қарқынды жүріп жатқанына тоқталған.

«Елде жоғары өңірлік айырмашылықтармен халықтың қартаю процесі де қарқынды жүріп жатыр. 65 жастан асқан халықтың үлестік салмағы халықтың жалпы санының 8,5%-ын құрайды», – дейді Шынар Төлешова.

Атап айтқанда, қарттар үлесі Шығыс Қазақстанда – 15%, Солтүстік Қазақстанда – 14,2%, Қостанайда – 12,8%. Жалпы алғанда басқа да солтүстік және орталық облыстарда егде жастағы халықтың үлесі барлық халықтың 10%-ынан асады. 

Сонымен бірге ел халқының ақшалай табысының 18,5%-ы зейнетақыдан тұрады екен. Бұл көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында – 28,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 25,5% және Абай облысында – 24,6%. Ал басқа солтүстік және орталық өңірлерде зейнетақы үлесі халықтың барлық ақшалай табысының 20%-ынан асады. 

‍‍»Бүгінгі таңда Қазақстанның халықты әлеуметтік қорғауға арналған бюджеттік шығындары ЖІӨ-нен шамамен 5% құрайды. Шығындар құрылымында әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар секілді қысқартуға жатпайтын шығындар бар. Қазақстанның демографиялық жүктемесі негізінен балалар санының өсуі есебінен болатынын ескере отырып, балаларды қолдау экономикалық дамудың басты әлеуеті екенін ескерген жөн. Осылайша, балалардың әл-ауқатына салынған инвестициялар мемлекетке сапалы еңбек ресурстарын әкеледі, адами капитал деңгейін арттырады», – дейді сарапшы.  

Маман, балаларға әлеуметтік көмек ақшалай ғана болмауы керек деп есептейді. Сонымен қатар, сапалы медициналық қызмет пен білім беру арқылы да көрсетілуі керек деп санайды.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2022 жылы республикада 403,9 мың бала дүниеге келген. Ал оның 85,8 мыңы отбасындағы үшінші бала болса, тағы 117,8 мыңы кем дегенде төртінші, ал мың бала отбасындағы сегізінші бала боп дүниеге келген. Барлық үшінші туғандардың саны – 203,6 мың немесе туғандардың жалпы санының 50,4% пайызын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз