«Көкжиде» құмында орналасқан мұнай компаниялары мен экологтар арасындағы дау мұнай компанияларының пайдасына шешілді. Компаниялардың үстінен Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мен прокуратура Көкжиде су қорын ластағаны үшін шағым түсірген.
Алайда аппеляциялық сот экологтардың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚМК Мұнай» АҚ, «Ада Ойл» ЖШС және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-не қатысты шағымдарын қанағаттандырмады.
2023 жылғы 1 маусымда Бас прокуратура Экология департаментіне «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚМК Мұнай» АҚ, «Фирма «Ада Ойл» ЖШС және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС жұмыстарының экологиялық заңнамаға сәйкестігін анықтау мақсатында ұңғымалардағы суды тексеруді тапсырған. Зерттеу барысында ластану анықталған.
Экологтар мұнай өнімдерімен Көкжиде кен орнының контурындағы жер асты суларының сапасын, топырақтар мен жер учаскелерін, Көкжиде кен орнының контурындағы бақылау ұңғымаларын, құрылыс қалдықтары бар аумақтарды және
өндіріс және тұтыну қалдықтары бар ұңғыма учаскелерін тексеріп, экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтаған.
Содан сотқа шағым түсірген. Сот экологтардың тексеру жүргізуін негізсіз деп таныған. Кейін экология департаменті аппеляциялық сотқа шағымданған. Алайда олар да экологтардың шағымын қанағаттандырмаған.
Көкжиде жер асты су қоры
Көкжиде жер асты су қоры – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Жем және Темір өзендерінің суайрығында орналасқан. Су кеніші 1983 жылы зерттелген. Сол кездегі мәліметтерге сәйкес су көлемі тәулігіне 201,5 мың текше метрді құраған. Қазіргі таңда бұл су қорының тәуліктің көлемі 173,4 мың м3 дейін азайған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, бұл көлемнің өзі Батыс Қазақстандағы үш облыс орталығының халқын ширек ғасыр бойы ауызсумен қамтуға жеткілікті.
Экологтар бұл аймақта мұнай өндіру ауызсу қорына қауіпті екенін айтып келеді. Бірақ жер астынан қара алтын өндіріп жатқан компаниялар экология мәселесіне айтарлықтай ден қойып отырған жоқ.
Соңғы мәліметтерге сәйкес құм астынан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «RAMCO Oil» ЖШС және «Aral Petroleum Capital» ЖШС мұнай өндіреді.
2020 жылы зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде Көкжиде жер асты суларында мұнай өнімдерінің құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан 6 есеге дейін асып кеткені анықталған. Бұл жайлы депутаттардың бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтылған.
Депутаттардың мәлімдеуінше 2021 жылы Актөбе облысы бойынша экология департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, «Көкжиде» құмында орналасқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ және «Фирма Ада Ойл» ЖШС қызметінде тексерулер жүргізіп, нәтижесінде Көкжиде құмдарының ластанғанын, солайша ҚР экологиялық заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Компанияларға жалпы көлемі 1 миллиард теңгеден асатын сомаға айыппұл салынған.
Мұнай компаниялары қашан жабылады?
ҚР ЭТРМ 5 мұнай өндіруші компания бойынша «Көкжиде» кен орнындағы объектілерді кезең-кезеңімен жою жоспары келісілген. Депутаттар осы мәселені көтеріп, үкімет басшысына жолдаған сауалында мұнай компанияларының жұмысын тоқтатуды сұраған.
Алайда экс-премьер-министр Смайылов бұл ұңғымалардың жұмысын қысқа мерзімде тоқтату мүмкін еместігін айтқан. Оның айтуынша, оларды кезең-кезеңімен тоқтату шаралары 2028-2030 жылдарға қарай бірақ мүмкін болмақ.
Ал Экология министрі Ерлан Нысанбаев компаниялардың бұрғыларды тоқтату шаралары 2029 жылдан басталатынын айтты.
«Ақтөбе облысындағы Көкжиде су қоры ерекше табиғи орын. 2009 жылдармен салыстырғанда қазір жерасты көлінің көлемі екі есе өскен. Баяғыда оның көлемі 317 мың текше километр болса, қазір 600 мың текше километрге жеткен. Ол не деген сөз? Қазір жерасты көлі екі есе өсіп, бұрын құрғақ жерде тұрған мұнай бұрғылары көл аумағына кіріп кеткен. Осыған байланысты үкіметтің бекіткен жоспарымен, кезең-кезеңімен бес мұнай компаниясының скважинасын жабу туралы шешім шыққан. Мемлекет басшысы да бұл шараны қолдады. Алдағы уақытта Ада ойл, Қазмұнай газ, Урихтау оперейтинг, Қазақойл-Ақтөбе, СНПС-Актобемунайгаз секілді компаниялардың бұрғылары кезең-кезеңімен істен шыға бастайды. Біз «шаш ал, десе бас алмаймыз». Өйткені ол компанияларда өзіміздің азаматтарымыз жұмыс істеп жүр. Бірақ бұл мәселе министрлікте қаралып жатыр. 2029 жылға дейін жұмыстар жоспар бойынша аяқталады, қазіргі таңда мемлекеттік органдармен келісу процесі жүріп жатыр», – деді министр.
Айтуынша 5 мұнай скважинасының жұмысын бірден тоқтату техникалық тұрғыда мүмкін емес. Өйткені бір мұнай скважинасының жұмысын тоқтатудың өзі оңайға соқпайды. Процесс дұрыс жүргізілмесе, су қоры екінші мәрте ластануы мүмкін.
Экология министрлігінің хабарлауынша 2031 жылы барлық бес компания өз жұмысын тоқтатуы тиіс. Олар белгіленген талаптарға сай жерді қалпына келтіреді. Экологиялық кодекстің 138-бабына сәйкес компаниялар ремедиация жүргізуі керек.