Қазақстанда әйелдердің орташа айлық еңбекақысы ерлерге қарағанда 21%-ға төмен

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанда әйелдердің орташа айлық еңбекақысы ерлерге қарағанда 21%-ға төмен / Ұлттық экономика министрлігі

Бірінші кредиттік бюроның Data Hub Telegram арнасы еліміздегі әйелдерге қатысты статистика ұсынды. Арна Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасайды.

Қазақстанда әйелдер саны ерлерден көп. Олар – халықтың 51,2%-ына тең.

Елімізде тұрғындардың ең көп үлесі әйелден тұратын елдімекен – Абай облысындағы Шүлбі ауылдық округі. Мұндағы халықтың 56,3%-ы – әйел. Ал халқының әйел үлесі көп ауыл Ұлытау қаласы облысындағы Жазқазған ауылы (25%),– делінген хабарламада.

Әйелдердің айлық еңбекақысы ерлерге қарағанда 21%-ға төмен.

Дегенмен кейбір салада әйелдердің жалақысы көбірек. Мысалы, телерадио хабар тарату саласында олардың еңбекақысы ерлерден 8,7%-ға, қауіпсіздік секторында 17%-ға, ал мектепке дейінгі білім беру саласында 37,5%-ға көп,– делінген хабарламада.

Қазақстандағы жұмыс істейтін әйелдердің жартысы мына салаларда еңбек етеді: білім беру, көтерме және бөлшек сауда және ауыл шаруашылығы секторы. Одан кейінгі орында денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету бағыты тұр.

Статистика бойынша, еліміздегі ең «матриархал» қала – Шымкент. Онда үй шаруашылығының 77%-ын әйелдер басқарады.

Бұған дейін Қазақстанда ақпарат пен байланыс саласында әйелдер үлесі аз екенін жазған едік. Бұл салада жұмыс істейтін әйелдер үлесі 1,6%-ға тең.

«Әйелдердің ең аз саны ақпарат және байланыс саласында тіркеліп отыр, барлық жұмыспен қамтылған қыз-келіншектердің үлесі – 1,6%», – делінген бюро хабарламасында.

Жалпы Қазақстан бойынша түрлі салаларда 4 370 715 әйел жұмыс істейді екен. Бұл көрсеткіш жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 48,3%-ы. Оның ішінде 3,4 млн әйел жалданып жұмыс істейді. Ал 940 мың әйел – өзін-өзі жұмыспен қамтыған.

Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесі 10 пайызға жетпейтінін де жаздық. Бұл жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында айтты.

Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді президент.

Сондай-ақ оқыңыз