Сенат трансферттік баға белгілеу мәселелеріне қатысты заңды мақұлдады

Жарияланды
Трансферттік баға белгілеу туралы заң мақұлданды Фото: архив kursiv.media

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып мақұлданды.

Бұл заң Қазақстанның негізгі экспорттық позицияларының баға белгілеуіне бақылауды күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, заң салық салынатын кірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін интерквартильдік ауқымды және баға диапазонының медианалық мәнін қолдану арқылы экспорттық бағаны төмендетуге жол бермейді.

Құжат халықаралық іскерлік операциялардағы мемлекеттік кірісті жоғалтудың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар мемлекет басшысының трансферттік баға белгілеуге бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Заң нормалары салық төлеушілердің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын төмендетуге арналған.

«Мемлекет басшысы трансферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстың бірі ретінде трансферттік баға белгілеу тетіктерін жетілдіруді көздейтін заң әзірленді. Заңда халықаралық іскерлік операциялар мен келісім-шарттар жасау кезінде кіріс ысырабын болдырмауға бағытталған қосымша ережелер қарастырылған. Сондай-ақ, капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтуге арналған түзетулер бар. Алдағы уақытта заң бұл салада мемлекет мүддесінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз», – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

 Сенат депутаты Бекболат Орынбековтің сөзінше, заңда нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру ескерілген.

«Қазіргі кезде заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мәселен, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай, халықаралық мәмілелердің сипатын ескере отырып, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Сонымен қатар капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту тетігі де ескерілген.

«Шикізат өнімдерін «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл жағдайда қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылды», — деді депутат.

Сенат депутаттары заңға мемлекет басшысы қол қойып күшіне енсе, мұндай жағдайлардың алдын-алуға болатынына сенімді.

Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сыртқа шығарылған 400-500 млрд теңгеге жасалған мәмілелер тексеріліп жатқанын бұған дейін хабарлаған.

«Бұл заңды біз бір жылдан аса талқыладық. Тәуекелдердің бәрін ескердік. Салықтық тексерулер кезінде капиталды сыртқа шығару фактілерін анықтап, ондай компанияларға қосымша салық төлеу бойынша хабарламалар жібердік. Біз былтырдың өзінде тексеру нәтижесінде бюджетке 70 млрд теңгеге жуық қаражат өндірдік. Сондықтан да бұл заңның маңыздылығы өте зор. Тәуекелдерге келер болсақ, бұл заң керісінше, тәуекелдерді азайтады. Бұл заң арқылы елден капиталдың сыртқа шығуына жол бермейміз. Бизнеске қосымша жүктеме түседі деп ойламаймыз», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз