Жаңалықтар

Илон Маск YouTube-тің баламасын шығаруды көздеп отыр

Илон Маск тұтынушыларға ұзақ бейнелер ұсынатын арнайы платформаны ұсынбақшы/ Фото: kursiv.media

Илон Маск X әлеуметтік желісі негізінде теледидарларға арналған YouTube-тің баламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Fortune журналының хабарлауынша бұл платформа жақын күндері іске қосылуы мүмкін.

Басылымның хабарлауынша, Илон Маскқа тиесілі X (бұрынғы Twitter) YouTube-пен бәсекелесу үшін Amazon және Samsung Smart теледидарларына арналған қолданбаны іске қосады.

Fortune журналының дереккөздеріне сенсек, жаңа платформаның интерфейсі теледидарларға орнатылған YouTube қолданбасымен бірдей болады.

«Маск YouTube-пен бәсекелесуге бел байлады», – деп мәлімдеген басылым дереккөзі.

Еске сала кетсек, Илон Маск өзінің Tesla-дағы үлесін 25%-ға арттырғысы келетінін өзінің Х әлеуметтік парақшасында мәлімдеген болатын.

Ол өзінің Tesla-дан тыс өнімдер шығарғысы келетінін хабарлаған. Маск Tesla-ның бір ғана стартап еместігін, ол жерде ондаған стартапты дамытуға болатынын атап өткен.

Масктің компаниядағы үлесі Twitter-ді сатып алатын кезде азайды. Ол әлеуметтік желіні сатып алу үшін миллиардтаған долларлық Tesla акцияларын сатқан.

Илон Маск Twitter-ді шамамен, 44 миллиард долларға сатып алды. Ол бірден кадрлық қысқарту жүргізді және платформада түбегейлі өзгерістер жасады. Қазір компанияны ең ірі акционер, техникалық директоры және атқарушы төрағасы есебінде басқарады. Мұнымен қоса, Илон Маск Tesla автомобиль өндірушісі мен SpaceX аэроғарыштық компаниясының бас директоры екені белгілі.

Өткен жылдың күзінде миллиардер ендігіде X/Twitter-дің ақылы болатынын мәлімдеген. Әлеуметтік желінің қазірде 550 миллионға жуық ай сайынғы пайдаланушылары бар. Мұндай ауқымды аудиторияға ие желінің «үлкен бот әскерлерімен» күресу үшін «ай сайынғы төлемге ауысатыны» баяндалды.

Дегенмен Маск төлем құнын ашып айтқан жоқ. Әлеуметтік желі пайдаланушылары төлем түрінен, төлем құнына кіретін қосымша мүмкіндіктер жайынан бейхабар қалды. Шынайы қолданушы саны немесе бот құрамы, саны мен көірісіне қатысты түсініктеме де берілмеді.

Ақпараттық арналардың басым бөлігін уысында ұстаған айтулы кәсіпкер қазіргі уақытта X/Twitter-ді ай сайын 550 миллион адам қолданып, 100-ден 200 миллионға дейін хабарлама жасайтынын айтты.