Алматы облысында су тасқыны қаупі бар учаскелер қандай?

Жарияланды
Алматы облысында су тасқыны қаупі бар учаскелер қандай? / getbg.net

Алматы облысында су тасқыны қаупі бар учаскелерге аэровизуалды тексеру жүргізілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Аэровизуалды тексеру Іле және Күнгей Алатауы жоталары өзендерінің бассейндері бойынша (Талғар өзенінің бассейнінен Шелек өзенінің бассейніне дейін) жүргізілді. Нәтижесі мынадай:

  • Морена көлдері қысқы режимде жатыр. Ақпан және наурыз айларындағы жердің сілкінгені морена көлдеріне теріс әсер етпеген. Көлдердегі су деңгейі максималды белгілерден едәуір төмен.
  • Айтарлықтай көлемдегі жаңа қар көшкіндерінің түсуі анықталған жоқ.  Биік таулы аймақта жеке қар көшкіндерінің түсуі мүмкін, соның ішінде адамдар мен жабайы жануарлардың қар көшкініне қауіпті беткейлерді кесуіне байланысты.
  • Сел қаупі бар өзендер арнасы таза, арналарда айтарлықтай кептелістер анықталған жоқ. Орта тауларда қар жамылғысының қарқынды еруі байқалмайды.
  • Орта таулар мен биік тауларда қардың едәуір қоры бар.

Айта кетейік, Алматы облысындағы Асы обсерваториясының жанына қар көшкіні түскенін жазған едік.

«Қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты таулардың баурайында жалпы көлемі 52,5 текше метр қар көшкіні өздігінен түсті», – делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, қар көшкіні облыстық маңызы бар «Түрген ауылы – Батан» автожолын бөгеген. Автожолды тазарту жұмыстарын «Қазселденқорғау» күштері жүргізуде. Түрген өзенінің арнасы бойынша су кедергісіз өтуде. Зардап шеккендер мен қираулар жоқ.

Еске салайық, Президент Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты ТЖМ-ге тапсырма берген болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына негізделген іс-қимылдар алгоритмі өз деңгейінде орындалды. Қазір қаладағы жағдай қалыпты, барлық тиісті мекемелер бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс істеп жатыр», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Президент ТЖМ министріне мегаполис тұрғындарының амандығын сақтау және Алматыдағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін қала әкімі Ерболат Досаевпен, сондай-ақ қаладағы барлық жауапты мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз