Жаңалықтар

Командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді: Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде әскери техниканың қозғалысы туралы жалған ақпарат таратпауды ескертеді

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратпауды ескертеді/gov.kz

Қорғаныс министрлігі 11-19 наурызда Қарағанды облысының аумағында екі жақты командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізеді. Осыған байланысты ведомство азаматтардан өтіп жатқан оқу-жаттығуларға түсіністікпен қарап, тыныштық сақтауды сұраған.

Министрліктің баспасөз қызметі жауынгерлік дайындық барысында қарулы күштер мен құралдар Қарағанды, Алматы, Жетісу облыстарының аумағы арқылы жеткізілетінін хабарлайды. Жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындау үшін бөлімшелер құрама әдіспен: темір жол, әуе және автомобиль көлігімен оқу-жаттығу алаңдарына аттанады, содан кейін олар тұрақты орналасу пунктеріне оралады.

Ведомство оқу-жаттығу кезінде өңірдің жекелеген аудандарында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін хабарлайды.

Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан  оқу-жаттығуларға түсіністікпен қарауды және тыныштық сақтауды сұрайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді ескертеді.

ҚР Қорғаныс министрлігі Қазақстан Украина үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алатыны туралы ақпаратты да жоққа шығарған. 7 наурызда ресейлік БАҚ «Киев Астанамен ресейлік әскери өнімдерді сатып алу мәселесін талқылап, қос тарап осы бағыттағы келіссөздерді бастады» деген ақпарат таратты.

Алайда бұл ақпаратты министрлік  жоққа шығарды.

«БАҚ-пен әлеуметтік желілерде таратылған Қазақстан Украина Қарулы күштерінің қажеттілігі үшін ресейлік әскери өнімдерді сатып алу туралы «Укрспецэкспортпен» келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. 2022 жылдан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын хабарлаймыз. Мұндай тұспалдаулар Қазақстан Республикасының беделін түсіруге бағытталған. Азаматтар мен БАҚ-тан қауесеттерге көңіл аудармауды, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз», – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар Ресей «Украинадағы соғысқа арналған зымырандарды қазақтарға сынақтан өткізіп» жатқаны жалған болды. Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев БАҚ-та тараған ақпаратты жоққа шығарды. Алайда ресейлік зымырандарды Қазақстанда қауіпсіз сынақтан өткізу жайлы айтқанда, Жазықбаев БАҚ-та хабарланған емес, басқа полигонды мысалға келтірді.