Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2023 жылы жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын тұрақты бағалау (AQR) деректеріне негізделген демографиялық талдауды жариялады.
Бұл талдау осыдан бұрын шығарылған «Тұрақты AQR 2023 есебін» толықтырады. Онда кредиттік тәуекелдің толық талдауы келтірілген және қарыз алушылардың гендерлік-жас ерекшеліктері ескерілген.
AQR 2023-те тұтынушылық қарыздар портфеліндегі жалпы берешек 6,9 трлн теңгеге тең
Зерттеу банктердің белсенді кредиттік портфельдерінің деректеріне және дефолт жағдайында шығындарды (LGD) есептеу үшін пайдаланылатын статистикаға негізделеді. Есепте жеке тұлғалардың ипотекалық, кепілсіз тұтынушылық және қамтамасыз етілген қарыздарының портфельдері талданады. AQR 2023-те тұтынушылық қарыздар портфеліндегі жалпы берешек 6,9 трлн теңге.
Ал ипотекалық (Отбасы банкінің деректерін есепке алмағанда) және қамтамасыз етілген қарыздар портфелінде әрқайсысы 1,6 трлн теңгеден құрады.
Ерлер мен әйелдер арасындағы несие бойынша шығындар үлесі қандай?
«Ерлер арасында жиналған кредиттік шығындардың үлесі 10,3%-ды, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш– 7,8%-ды құрайтыны анықталды. Ипотекалық қарыздар портфелінде 2 және 3-сатыларда EAD үлесі әйелдерге қарағанда ерлерде 4 п.т. жоғары, ал 1-сатыдағы үлесі 8 п.т. төмен. Дефолттар мен есептен шығарулар статистикасында жағдайлардың саны бойынша, сондай-ақ дефолт уақытындағы берешектің көлемі бойынша ер адамдар басым түседі. Ал дефолт уақытында әйелдердің орташа берешегі тек ипотекалық портфельде ғана жоғары болып отыр», – деп жазылған ҚНРДА хабарламасында.
Қарыз алушылардың негізгі бөлігі – миллениалдар
2023 жылғы тұрақты AQR шеңберіндегі қарыз алушылардың негізгі бөлігі – миллениалдар. Яғни 1982-2000 жылдар аралығында туғандар. Олардың жалпы кредиттерінің сапасы басқа жастағыларға қарағанда жақсырақ.
«Кепілді қарыздар бойынша дефолттар мен есептен шығарулар статистикасы Х ұрпағының (1963-1981 жж.) үлесі басым. Ал кепілсіз қарыздар бойынша миллениалдардың, әсіресе ер адамдардың басым екенін көрсетті. Қарыз алушы әйелдердің арасында бэби-бумерлер (1943-1962 жж.) арасындағы дефолттардың ең көп үлесі кепілсіз тұтынушылық қарыздар портфелінде тіркелген. Сондай-ақ Z жас ұрпақ өкілдерінің (2001-2005 жж.) арасында кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша дефолттардың алғашқы жағдайлары байқалады. Дегенмен олардың үлесі әзірге азырақ болып отыр.
Аталған талдау банктерге өз тәуекелдерін жақсырақ бағалауы үшін керек. Сонымен қатар тиімді стратегияларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ банк саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға көмектеседі.
Еске сала кетсек, базалық мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты несие шарттары тиімдірек бола түседі. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы осылай деп хабарлаған.
2023 жылы банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22% немесе 2,9 трлн теңгеге артық.
2019 жылы несиесі кешірілгендердің басым бөлігі қайтадан қарызға алған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеген еді.