“Қазмұнайгаз” Әзірбайжан арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 1,5 есе арттыруды көздеп отыр 

Жарияланды
Әзірбайжан арқылы
ҚМГ Әзірбайжан арқылы мұнай тасымалдауды айына 180 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы мен SOCAR (Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясы) Әзірбайжан арқылы қазақстандық мұнай тасымалдауды ұлғайтпақ. Бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты. 

Атап айтқанда, екі ел компаниялары Әзірбайжан арқылы тасымалданатын қазақстандық мұнай көлемін арттыру туралы келісімшартқа қол қоюды жоспарлаған.  

«Әзірбайжандық SOCAR компаниясы біздің бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесіміз. Өткен жылдың наурыз айынан бастап қазақстандық мұнайдың Әзірбайжан аумағы арқылы транзитін жүзеге асыра бастағанымызды айта кетейін. Біз айына шамамен 120 мың тонна мұнай тасымалдаймыз. Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзірбайжанға мемлекеттік сапары аясында әріптесім Ровшан Наджафов мырзамен Әзірбайжан арқылы қазақстандық мұнай транзитін бір жарым есе ұлғайту туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз», – деді Мырзағалиев.

Компания басшысының айтуынша, келісімшарт негізінде айына тасымалданатын 120 мың тонна мұнай көлемі 60 мың тоннаға артады. Осылайша Қазақстан Әзірбайжан аумағы арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 180 мың тоннаға жеткізбек. 

Сондай-ақ Мырзағалиев мұнайды Баку-Супса мұнай құбыры арқылы тасымалдау мүмкіндіктері де қарастырылып жатқанын айттты. «ҚазМұнайГаз» бен SOCAR арасындағы қарым-қатынас тек тасымалдау мәселелерімен шектеліп қалмайтынын жеткізді. 

«Біз мұнай саласына қатысты, әсіресе, оны өндіру мәселесін екі жақты талқылап жатырмыз. Сонымен қатар SOCAR-ды Қазақстандағы геологиялық барлауға қатысты жобалармен танысуға шақырып отырмыз. Мен Ровшан Наджафов мырзаға Президентіміздің тапсырмасы бойынша 2023 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған жақсартылған модельдік келісімшарт әзірленгенін жеткіздім. Заңды түрде қабылданғанын хабарладым. Жақсартылған модельдік келісімшарт негізінде геологиялық барлауға, сондай-ақ күрделі кен орындарын өндіруге кіретін инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Яғни біз бірлескен жобалардың әлеуетін талқылауды және зерттеуді жалғастырамыз», – деді ол.

ҚМГ басшысы сонымен бірге Әзірбайжанмен болашақта бірлескен «жасыл» жобаларды да талқылау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.

Еске сала кетсек, Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Әзірбайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазовпен кездесу барысында Қазақстан «Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан» бағытымен тасымалданатын мұнай көлемін арттыру мәселесін талқылаған болатын. 

Алмасадам Сәтқалиев болашақта Қазақстандағы мұнай өндірісі артатынын мәлімдеді.

«Біздің Ұлттық компанияларымыздың алдына Қазақстанда өндірістің өсуін ескере отырып, мұнай жеткізу көлемін ұлғайту міндеті қойылды. Осыған байланысты, қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті кездесу барысында А.Сәтқалиев.

2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандырып, Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыта бастады. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдауды арттыруды тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясымен келісімге келді.

Теңіз кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалданады. 2023 жылы Ақтау портынан мұнай жөнелту Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында 1 057 мың тоннаны құраған.

2024 жылға қазақ мұнайын БТД арқылы жылына 1,5 млн тонна көлемінде жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта Қазақстаннан мұнай транзиті негізінен РФ территориясы арқылы өтеді. Каспий Құбыр Консорциумы қазақстандық мұнай экспортының 80 пайызын қамтамасыз етіп тұр. КҚК-нан өзге балама бағыттардың жалпы қуаттылығы – жылына 20-25 млн тоннаға жете қабыл.  

Сондай-ақ оқыңыз