Өңірлерде еріген қар суынан зардап шеккен тұрғындар әкімдіктерден көмек сұрауда

Жарияланды
еріген қар суы
Еріген қару суы салдарынан Жетісу, Абай, Қызылорда, Алматы облыстары зардап шегіп жатыр / Фото: kursiv.media

Қазақстанның көптеген өңірін еріген қар суы басып жатыр. ТЖМ елдің әр өңірінде су айдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Десе де, судан зардап шеккен халық биліктен көмек сұрап, әлеуметтік желілерде бейнежазбалар жариялап жатыр.  

Атап айтқанда Жетісу, Абай, Қызылорда, Алматы облыстарын еріген қар суы басқан. ТЖМ  мен әкімдіктердің хабарлауынша, судың қаптауына қыс бойы жауған қалың қардың тез еруі себеп. Қыста қар қалың жауған Абай өңірінде жағдай қиын. 

Семей қаласы тұрғындарының хабарлауынша, қар қыстай дұрыс күрелмегендіктен, қаланың Красина, Садовая және Менжинский көшелерінде су қаптаған. 

«Біз «Қазкрай» ауданы, Қойшыбаев көшесі мен Иркутск тұйық көшесінің тұрғындары облыс әкімі Нұрлан Ұрынқаев пен әкімдік қызметкерлерінің біздің проблемамызға назар аударуын сұраймыз. Бұл жаңбыр мен қардың еруі салдарынан болған су тасқыны. Біздің көшелер нағыз Венецияға айналды. Терең шалшықтар көліктер мен жедел жәрдем көліктерінің жүруін қиындатты. Мұзды шалшықтан кейде жүк көліктері де шыға алмай жатады», – деп шағымданды Семей тұрғындары әлеуметтік желілерде. 

Ал Семейдің басқа көшелері мен аулаларындағы су тасқынын тоқтату үшін ТЖМ қызметкерлері 10 наурыздан бастап іске кіріскен.

«ЖАО күшімен Щорс, Кирпичный, 3-ші Лодочная, Восточный және Подгорная кенттері, сондай-ақ қаланың басқа бөліктерінде су айдау жұмыстары жүргізілді, «Теплокомэнерго» МКҚК-мен бірлесіп инертті материал таратылды», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Құтқарушылар Семейдің Красин, Садовая және Менжинский көшелеріндегі аула аумақтарынан су айдау жұмыстарын жүргізген. Жалпы қала көшелерінен таңғы уақытқа дейін 1500 текше метрден астам су шығарылған. 

Сонымен бірге ТЖМ Жетісу облысында да су басу салдарымен күресіп жатыр. 

«Жетісу облысында егістіктерден қардың қарқынды еруі нәтижесінде Бескөл станциясының жеке тұрғын үйлерінің 19 ауласын су басқан. ТЖД және ЖАО шамамен 60 адамы, 20-ға жуық техникасы үйінді бөгенін орнату бойынша жұмыстар жүргізуде, 300 метр бөген тұрғызылды. Аула учаскелерінен еріген қар суын айдау жүргізілуде, 640 текше метр су сорылды», – делінген Жетісу облыстық ТЖД хабарламасында. 

Ауа температурасының көтерілуі мен егістіктерден  келген еріген су салдарынан Қонаев қаласы маңындағы Қосқұдық ауылын да су басқан. Онда 30 тұрғын үй орналасқан Түрксібская көшесінің бойындағы бес аула аумағын су басқан.

«Жиналған еріген суды ағызу үшін экскаватор көмегін пайдаланып жатырмыз. Сонымен бірге жұмысқа 30 қызметкер, 5 бірлік техникасы және 3 бірлік апатты жою мотопомпалары жұмылдырылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ», – деп хабарлады құтқарушылар.

Ал Қызылорда облысында ағынды су «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының учаскелерінде тас жол төсемін шайып кекен.  ТЖМ хабарлауынша газ тасымалдау штаттық режимде жүргіхіліп жатыр. Құтқарушылардың хабарлауынша жол қатынасы үзілмейді. Өңір тұрғындары айналма жолды пайдалана алады

Еске сала кетсек, ТЖМ Атырау облысында бірнеше ауылды су басу қаупі жоғары екенін айтты. Атырау облысының Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарын су басу қаупі бар.

Ал ТЖ Министрі Шыңғыс Әрінов ақпан-наурызда Қазақстанның 12 облысында су тасқыны болуы мүмкін екенін айтты.  2023 жылдың желтоқсан айында жауған жауын-шашынның көп мөлшері су басуға себеп болуы мүмкін.

«Іс жүзінде көп қар болған жоқ. Болған қардың суы жерге сіңіп кетті. Бірақ біз су тасқыны болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Су тасқыны ақпан айының соңында оңтүстік өңірлерде, ал наурыз айының басында солтүстік өңірлерде болуы мүмкін. ТЖМ мен орталық атқарушы органдар көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жүзеге асырып жатыр», – деді министр.

ТЖМ хабарлауынша су тасқыны Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Абай мен Ұлытауда болуы мүмкін деп күтіледі.

Сондай-ақ оқыңыз