«Sincere System Group» қаржы пирамидасын құруға жәрдемдескендердің ісі сотқа жіберілді

Жарияланды (жаңартылды )
суд
«Sincere System Group» қаржы пирамидасын құруға жәрдемдескендердің ісі сотқа жіберілді / Pixabay.com

«S-Group» және «Sincere System Group» ЖШС қаржы пирамидасы қызметі туралы іс сотқа жіберілді. Бұл жолы қаржы пирамидасын құруға жәрдемдескендердің ісі қаралады. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.

Алмалы ауданының соты Ж. Санаеваға,  Т. Ковалевичке және Ф. Әйешке қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауға жәрдемдесу, нақтырақ айтқанда «Sincere System Group», «S-Group» ЖШС қаржылық (инвестициялық) пирамидасын құру фактісі бойынша қылмыстық істі қарауға кірісті,– делінген хабарламада.

Прокуратураның мәліметінше, тергеу органы жоғарыда аталған адамдар, заңсыз материалдық баю үшін салымшыларды жаппай тарту қажеттігін білген. WhatsApp және Telegram әлеуметтік желілері арқылы іске асырылып жатқан жалған инвестициялық бағдарламалар туралы жалған ақпарат таратқан. Халыққа «S-Group» жобасының қызметі туралы жалған ақпарат берген. Оған қоса әлеуетті салымшыларды ақша қаражатын салу туралы үгіттеген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жауабына сәйкес, «Sincere System Group» ЖШС-да қаржы пирамидасы қызметінің белгілері бар.

Сонымен қатар іс материалдарында мемлекеттік шекара асқан, қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген В. Машуровқа (Украина азаматы), М.Н. Авазоваға және Р.Р. Тажбеновке қатысты іс бөлектеліп алынды. Осы адамдарға қатысты сырттай «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес, «Sincere System Group» қаржы пирамидасын ұйымдастыруға В. Машуровтың, М. Авазованың, Р. Тәжбеновтың қатысы бар екені анықталды.

Еске салайық, «Sincere Systems» ЖШС азаматтардан 215 млн теңге қаржы жинаған.

«Аталған ЖШС 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді және криптовалюта биржаларымен ынтымақтасатын компанияның атын жамылып, азаматтардан қаражат жинап келді. Салымшылардың санын көбейту үшін ойдан шығарылған жобаларға инвестиция салу мүмкіндігі қарастырылды. Клиентті инвестицияның қауіпсіз екендігіне сендіру үшін ID беру арқылы клиенттің жеке кабинеті тіркелген, салымға тең виртуалды қаражатпен толықтыру мүмкіндігі бар веб-сайт құрылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Азаматтардан жиналған қаражат көлемі 215 млн теңгені құраған. Сот үкімімен «Sincere Systems» ЖШС басшысы 5 жылға инвестициялық қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Осыған дейін агенттіктің баспасөз қызметі «Sincere Systems» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. Азаматтарды кіріс алу үшін компанияға тіркелуге шақырған екі азаматқа қатысты «Sincere Systems» (S-Group) қаржылық инвестициялық пирамидасын құру және басқару ісіне қатысты тергеуді ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізген.

Сондай-ақ оқыңыз