Қазақстан темір кенін өндіру бойынша үздік 10 елдің қатарында

Жарияланды
Биыл қаңтарда еліміз 4 млн тоннадан астам темір кенін өндірді / Фото: kursiv.media

Биыл қаңтарда елімізде 4 миллион тоннадан астам темір кені өндірілді. Бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10,5%-ға көп.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, 2022 жылы дүние жүзінде 2,8 миллиард тоннаға жуық металл өндірілген. Оның ішінде ең көбі – темір. Жалпы өндіріс көлемі 93,3% немесе 2,6 млрд тонна. Оның ішінде темірдің үлесі 1,6 миллиард тонна. Дүние жүзіндегі темір рудасын өндірудің ең үлкен көлемі 880 миллион тонна көрсеткішпен Аустралияда тіркелді. Одан кейін Бразилия (410 миллион), Қытай(380 миллион) және Үндістан (290 миллион) келеді.

Көршілес Ресейде 90 миллион тонна темір кені өндірілді. USGS мәліметінше, 2022 жылы темір кенін өндіру көлемі 66 миллион тоннаны құраған. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлем бойынша 9-орынға шықты.

EnergyProm мәліметінше,  алюминий, хром, мыс, магний, мырыш және басқа да өнеркәсіптік металдар жалпы өндірістің 6,6%-ын немесе 185,1 миллион тоннаны құрады. Оның ішінде алюминий (69 млн тонна), хром (41 млн тонна) және мыс (22 млн тонна) айтарлықтай көлемді құрады.

Технологиялық және бағалы металдар өндірісінің көлемі 1,5 миллион тоннаны құрады. Оның ішінде қалайы өндіру көрсеткіші 310 мың тоннаны құраса, сирек жер элементтерінің оксидтері 300 мың тоннаға жеткен. Бұдан бөлек молибден 250 мың тонна, кобальт 190 мың тонна және литий 130 мың тоннаны құраған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы қаңтар–желтоқсанда Қазақстанда 53,4 миллион тонна темір кені өндірілген. Бұл 2021 жылғы қаңтар–желтоқсанмен салыстырғанда 16,1%-ға аз. Ал 2023 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында темір кенін өндіру көлемі небәрі 47,6 миллион тоннаны құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 10,9%-ға аз.

Биыл қаңтарда елімізде 4 миллион тоннадан астам темір кені өндірілді. Бұл 2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10,5%-ға көп. Оның ішінде біріктірілмеген темір кендері 2,5 миллион тоннаны құрап, бір жылда 17,6% -ға көбейді. Темір рудасының концентраттары 507,3 мың тоннаны (15,2%-ға азайған), темір рудасының түйіршіктері 485,3 мың тоннаны (10,2-ға көбейген), темір агломератының 475,5 мың тоннасы (18,2%-ға көбейген) өндірілді.

Айта кетейік «Қазатомөнеркәсіп» Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнынан тантал, ниобий, бериллий секілді сирек металлдар концентратын 2027 жылы өндіре бастамақ.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының сирек кездесетін металлдарды өндіру бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша, сирек металлдар кен орнын игеруге құқық алуды жоспарлап отырмыз, атап айтқанда, бір ай бұрын Ақтөбе облысындағы Жоғарғы Ырғыз кен орнына құқық алдық. Бұл кен орнын игеру бойынша жол картасы әзірленді. Шамамен 2027 жылы біз ол жерден концентрат ала бастаймыз», — деді Ержан Мұқанов.

Сондай-ақ оқыңыз