Qarmet компаниясына қарасты «Саран» шахтасында жұмысшы қайтыс болды

Жарияланды
«Саран» шахтасында жұмысшы қайтыс болды/ Фото: shutterstock

«Саран» шахтасында монтаждау жұмысының арнайы жабдығын жөндеу кезінде жұмысшы қайтыс болды. Жұмысқа қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық берілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, жабдықты бекіту болты үзіліп кеткен.

Qarmet баспасөз қызметінің хабарлауынша, 12 наурыз күні түнде компанияның Көмір департаментіне қарасты «Саран» шахтасында монтаждау жұмысының арнайы жабдығын жөндеу кезінде қайғылы оқиға болған. 1980 жылы туған тау-кен жұмысшысы жарақат алып, соның салдарынан қаза тапқан.

Жұмыс ZY7200-13/30 секциясын құрастыру және монтаждау жөніндегі жобасына сәйкес болған. Сондай-ақ қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті нұсқау берілген.

Болған жазатайым оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс жүргізеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, жабдықты бекіту болты үзіліп кеткен.

Qarmet АҚ өкілдері марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Қазір Qarmet АҚ құрамына кіретін бұл шахталар 2023 жылдың күзіне дейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының меншігінде болған еді. Ол кезде де бірнеше қайғылы оқиға болған. Соның ең үлкені 2023 жылы 28 қазан күні болды. Костенко атындағы шахтада өрт болып, соның салдарынан 46 кенші қайтыс болды.

Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жоғары көтеріліп үлгерген. Бастапқы кезеңде тек төрт адам қайтыс болды деген хабар тарады. Алайда кейін үйінді астында қалған 46 адамның барлығы қайтыс болғаны белгілі болды.

Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болды.

Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.

Сондай-ақ оқыңыз