«ҚазТрансОйл» магистральдық мұнай құбыры операторының басшылығы 2024 жылы Германияға 2 млн тонна мұнайды жеткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы компания басшылығы «KASE Эмитент күні» баспасөз конференциясында айтты.
Тасымалдау департаментінің директоры Абай Бейсембаев Германияға жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға болатынын атап өтті.
«Магистральдық мұнай құбыры туралы Заңға сәйкес «ҚазТрансОйл» құбыр көлігінің операторы ретінде Энергетика министрлігінің бекітілген кестелері негізінде жұмыс істейді. Егер жүк жөнелтуші тілек білдіріп, Энергетика министрлігіне өтінім берсе, одан кейін министрлік бекітеді және мұнай жеткізуді жүзеге асырамыз», – деді Абай Бейсембаев.
Қазақстан 2023 жылдың көктемінен бастап Германияға мұнай экспорттайды. Шикізат «Дружба» мұнай құбыры арқылы поляк-беларусь шекарасындағы тапсыру пунктіне дейін жеткізіледі. Өткен жылы «ҚазТрансОйл» 1,2 млн тонна жеткізуді жоспарлаған болатын. Бірақ экспорт ақпан айында басталып, салдарынан оның жалпы көлемі небәрі 993 мың тоннаны құрады.
18 ақпанда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің румындық Adevarul газетіне берген сұхбатының министрліктің баспасөз қызметі ұсынған аудармасында Германия тарапы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін жылына 2,4 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүдделі екені айтылған.
5 наурызда алғашқы мәлімдемеден кейін Сәтқалиев Қазақстан серіктестерімен 2024 жылы «Дружба» магистральдық мұнай құбыры арқылы Германияға мұнай экспортын 2 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігін талқылағанын хабарлады.
Сондай-ақ Абай Бейсембаев Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы Ақтау порты нан әрі қарай тасымалданатын экспорттық маршрутты атап өтті. Оның айтуынша, жаңа балама маршруттарды қосу жүк жөнелтушілердің қалауына байланысты, ал «ҚазТрансОйл» тек оператор қызметін ұсынады.
«ҚазТрансОйл» 2023 жылғы табысы қандай?
«ҚазТрансОйл» компаниясының 2023 жылғы таза табысы 2022 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге – 8,3 млрд теңгеден 18 млрд теңгеге дейін өсті.
Компанияның шоғырландырылған пайдасы 65,9%-ға – 19,8 млрд теңгеден 32,8 млрд теңгеге дейін артты. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған ҚТО қаржылық есебінде жазылған.
ҚТО-ның 2023 жылғы шоғырландырылған кірісі 290,4 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 13,6%-ға артық. Компанияның акциялары бар ұйымдар тізіміне:
- «Магистральный Водовод» (100%);
- Arab Petrotrans Limited (100%);
- «Батуми мұнай терминалы» (100%);
- «Қазақстан-Қытай құбыры» (50%) және солтүстік-батыс «МұнайТас» көлік компаниясы (51%) кіреді.
ҚТО бойынша бөлек кіріс 241 млрд теңгені құрады
Бұл 2022 жылдың сәйкес көрсеткішінен 13,6%-ға артық.
Топ кірістің басым бөлігін (240 млрд теңге) мұнай тасымалдау және онымен байланысты қызметтерден, мұнайды ауыстырып тиеуден – 21,6 млрд теңге, ал су тасымалы – 19,8 млрд теңгеден алды. Жалпы 290,3 млрд теңгенің 243 млрд теңгесі Қазақстанға тиесілі. Шоғырландырылған операциялық пайда 2,5 есеге – 7,7 млрд теңгеден 19,1 млрд теңгеге дейін өсті. 2023 жылы КТО бойынша дәл осындай көрсеткіш 17,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 3,2 есе көп.