Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығуына қатысты қауесетке жауап берді

Жарияланды
Тасмағамбетов Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығуына қатысты қауесетке жауап берді / коллаж kursiv.media

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Арменияның ұйымнан шығуына қатысты әңгімеге пікір білдірді.

ТАСС ақпаратына сүйенсек, Иманғали Тасмағамбетов Ереванның жақында өткен ҰҚШҰ хатшылығының жұмысына қатыспағанын растаған. 

«Халықаралық ұйым ретінде тәуелсіз мемлекеттің кез келген шешімін құрметтейміз. Дегенмен ұйымның қызметі толық көлемде жалғасады. Барлық рәсім ҰҚШҰ нормативтік базасына сәйкес толық сақталады. Қабылданған және жоспарланған шешім туралы хатшылық Еревандағы тиісті құрылымдарды жұмыс режимінде хабардар етеді», – деді Тасмағамбетов.

Армения премьер-министрі Никол Пашинянның елдің ұйымға мүше болуын тоқтату туралы мәлімдемесіне түсініктеме берген Тасмағамбетов Ереваннан ұйымға мүшелікті тоқтата тұру туралы ресми мәлімдеме түспегенін айтты.

«Мен де, Ұйым хатшылығы да ұжымда қабылданған регламенттер мен рәсімдерге сәйкес жұмыс істейміз. Сарапшылардың көмегімен Армения айналасындағы жағдайды және Арменияның ұйыммен қарым-қатынасын талдаймыз. Мен Армения элитасының кейбір іс-әрекеттері мен көңіл-күйі алаңдаушылық тудыратынын жасырмаймын. Бірақ біз Армения саяси басшылығы әр шешімді байсалды қабылдайды деген үміттенеміз», – деді ұйым бас хатшысы.

Армения ұйымға қатысуын неге тоқтатты?

Айта кетейік, Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре тоқтатуы мүмкін екендігін жазған едік. Бұл жайлы Армения премьер-министрі Никол Пашинян айтты. Ол ҰҚШҰ-ның республика үшін қиындықтар туғызып отырғанын мәлімдеген.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Никол Пашинян France24 телеарнасына бергенсұхбатында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Ол ұйымның Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімі, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмағанын айтты. Мұның ел назарынан тыс қалмағанын айтқан ол, сол себепті бұл келісімге қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді. 

Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтып, ұйымнның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:

«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіді.

Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.

«Бүгін ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.

Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.  

Ал 2023 жылдың қарашасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз