Үндістан мұсылман мигранттарға азаматтық бермейтін заң шығарды

Жарияланды
Үндістан мұсылман мигранттарға азаматтық бермейтін заң шығарды / shutterstock

Үндістан үкіметі мұсылман мигранттарға азаматтық бермейтін заңды қабылдауға қатысты жоспарын жариялады.

BBC ақпаратына сүйенсек, Азаматтық өзгерістер туралы заң Пәкістан, Бангладеш және Ауғанстаннан келген мұсылман емес діни азшылықтарға азаматтық алуға мүмкіндік береді. Билік бұл қуғын-сүргінге ұшырағандарға көмектесетінін жазған.

Дүйсенбіде әлеуметтік желіде премьер-министр Нарендра Моди аталмыш заң өзінің сайлау алдында «индустерге, сикхтерге, буддистерге, джейндерге, парсыларға және христиандарға берген уәдесін орындайды» деп жазған. Аталмыш дін өкілдері енді Үндістан азаматтығын алу үшін онлайн өтініш бере алатынын жазған. 

«Бұл заң тек жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшыраған және әлемде Үндістаннан басқа баспанасы жоқ адамдарға арналған», – деп қосты Үндстан үкіметінің басшысы.

Жаңа заңға сәйкес, азаматтығы бар адамдар Үндістанға Пәкістаннан, Бангладештен немесе Ауғанстаннан 2014 жылдың 31 желтоқсанына дейін келгендерін дәлелдеуі керек. Үндістан үкіметі заңға енгізілген өзгерістердің әлі күшіне енбегенін жазды.

Алайда Оңтүстік Керала штатының басшысы Пинарай Виджаян бұл заңның өз штатында орындалмайтынын жазып, оны қабылдауға наразылық білдіруге шақырды.

«Бұл заң адамдарды бөлуге, қоғамдық көңіл-күйді өзгертуге және Конституцияның негізгі принциптеріне нұқсан келтіруге бағытталған», – деді ол.

Ол заңды азаматтарды діни тұрғыдан кемсіту деп танитынын айтты. Себебі жаңа заң Шри-Ланкадан келген Тамил мұсылман босқындарына, Мьянмадан келген Рохинджа мұсылман босқындарына қолданылмайды. Сонымен қатар, бұл Үндістанның өзіндегі 200 миллион мұсылманды қудалау тәсілі екенін атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди G7 отырысында сөйлеген сөзінде БҰҰ бұдан былай қақтығыстардың алдын ала алмайтынын айтып, оны реформалауға шақырғанын жазған едік.

«БҰҰ бүгінгі күннің шындығын көрсетпейді. ХХ ғасырда құрылған ұйымдар ХХІ ғасырдың шындығын көрсетпейді. Сондықтан БҰҰ сияқты ірі институттарды реформалау қажет. Әртүрлі форумдарда бейбітшілік пен тұрақтылық туралы не үшін айтуымыз керек екенін талдауымыз қажет. Бейбітшілікті сақтау мақсатында құрылған БҰҰ бүгінде неліктен қақтығыстардың алдын ала алмай отыр?» – деген еді ол.

БҰҰ мәліметтері бойынша, Үндістан Қытайды әлемдегі ең көп қоныстанған ел ретінде басып озды. Үндістанның халқы 1,428 миллиард адамнан асты. Ал Қытайда халық саны 1,425 миллиард адамды құрайды

Сондай-ақ оқыңыз