Freedom Broker сарапшылары KEGOC акцияларын сатып алуды ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Freedom Broker сарапшылары KEGOC акцияларын сатып алуды ұсынды / коллаж kursiv.media

Freedom Broker сарапшылары «KEGOC» АҚ бір акциясын 1 790 теңге сатып алуды ұсынды. Мамандар болжамды өсім +21%-ды құрайды деп есептейді.

«Ұсыныс – сатып алу», – деп жазылған сарапшылар таратқан хабарламада.

Компания табысы артты

Қаңтарда «KEGOC» АҚ 2023 жылғы төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша есебін жариялаған еді.

Саладағы реформалар аясында кірістер айтарлықтай артты. Атап айтқанда, электр энергетикасына тарифтер өсті. Оның үстіне төртінші тоқсанда еркін ақша ағыны көбейді. Нәтижесінде компанияның таза қарызы 11%-ға қысқарды.

Қаңтар айында АҚ таза пайдасы 60%-ға, яғни 42,7 млрд теңгеге дейін өскен. Тоқсан сайынғы жалпы табысы 2022 жылы 23% болған. 2023 жылы 31%-ға өсті. Шығындар тек 14%-ға артты. Бұл негізінен технологиялық даму есебінен болды. Осының аясында тоқсан сайынғы EBITDA маржасы да 2022 жылғы 39%-дан 42%-ға дейін өскенін көрсетті.

«Таза пайда 42,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 60%-ға немесе 15,9 млрд теңгеге жоғары. 16,9 млрд теңге сомасына «жасыл» облигациялар сәтті орналастырылды», – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Moody’s KEGOC-тың кредиттік рейтингі бойынша болжамды көтерді – «BAA2» «Позитивті». Fitch Компанияның рейтингін «BBB» дейін «Тұрақты» болжаммен көтерді. Ал S&P Global CSA Score 51/100 деңгейінде ESG рейтингін тағайындады.

Сонымен 2023 жылғы нәтиже қандай?

2023 жылы электр энергиясын тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артты. Көрсеткіш 115,06 млрд кВт/сағатты құрады. 

2024 жылы компанияның алдында Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру, Компанияның филиалдарындағы желілерді реконструкциялаудың 2-ші және 3-ші кезеңдері, рейтингті 5 есе арттыру, жоспарланған жөндеу-пайдалану жұмыстарын толық көлемде орындау, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі шараларды іске асыру бойынша өршіл міндеттер тұр.

Қазақстан халқы өткен жылы қанша энергия тұтынды?

Қазақстанда 2023 жылы электр энергиясын тұтыну 115,1 млрд кВт/сағ құраған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға артық. Электр энергиясын беру бойынша қызметтердің көлемі 39,2 млрд кВт/сағ болған. Ал Ұлттық электр желісін пайдалану бойынша қызметтердің көлемі 36 млрд кВт/сағ өскен.

Тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету және Қазақстан БЭЖ тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Олар – «KEGOC» АҚ филиалдарының 220-500 кВ әуе электр желілерін қайта құру, «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін нығайту» және «Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін БЭЖ-бен интеграциялау».

Еске сала кетсек, компанияның Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева KEGOC компаниясының валютамен алған берешегі 16 млн доллар, ал теңгемен алған қарызы 157 млрд болғанын айтқан болатын.  

Бұған дейін сарапшылар KEGOC акциялары инвесторлардың үмітін неге ақтамағанын түсіндірді.  

Сондай-ақ оқыңыз