Алматыдағы зілзаладан кейін жер үйге сұраныс артты ма? Ақпанның статистикасы жарияланды

Жарияланды
Жер сілкінісінен кейін Алматыда жер үйге сұраныс артты ма? / Фото: архив kursiv.media

Ақпандағы статистикаға зер салсақ жағымды динамиканы байқауға болады. Бірақ Алматының өзінде де, оған жақын аймақтарда да жеке тұрғын үймен жасалатын мәмілелердің саны күрт өспеген. Бұл туралы бірінші кредиттік бюроның талдау орталығы хабарлады.

Статистикаға зер салсақ

Ақпан айындағы статистикаға сүйенсек, өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда Алматыда мәмілелер саны 19,3%-ға, 477 бірлікке дейін артқан. Ал Алматы облысында 2,9%-ға, 804 бірлікке дейін өсті. Жетісу облысында сатылған жер үйлердің үлесі 12,3%-ға артып, 356 бірлікке жетті.

«Иә, өсім тіркелді. Бірақ оны айтарлықтай сұраныс артты деп айту қиын. Оның үстіне, көп жағдайда бұл жалпы үрдіске байланысты болуы мүмкін. Себебі ақпан айында республика бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 26,6%-ға өсіп, 30,5 мың бірлікке жетті», – деп хабарлады талдау орталығы.

Елде жеке тұрғын үй нарығы тұралап тұр

Ақпанның қорытындысы бойынша бұл салада 6 мың бірлік  мәміле жасалған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,5%-ға аз.

«Дегенмен сұраныстың төмендеуіне қатысты тағы бір жайт бар. Жалпы тұрғын үй нарығында жеке тұрғын үйлермен жасалатын мәмілелердің үлесі азайған. Әсіресе, соңғы екі айда – 20%-дан аз (қаңтарда – 19,1%, ақпанда – 19,7%). Бұл кем дегенде 2019 жылдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш», – деп жазылған хабарламада.

Жаңа үйлердің бағасы 3% өсті

Еске сала кетсек, Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы ақпандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруіне қатысты есебін жариялаған еді. Соған сәйкес, бір жылда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 3% өсті. Ал қайталама нарықтағы баға 3,3% төмендеді. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 2,9% қымбаттады.

Бұған дейін, Алматыда 23 қаңтарда 5 балдық жер сілкінісі болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді. Одан кейін 67 адам медициналық көмекке жүгінген, сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Олардың үшеуі 2-3 қабаттан секіріп жарақат алған.

Кейін 4 наурызда сағат 11:22-де Алматыда магнитудасы 5 да жер сілкінісі болды. Содан соң дүмпулер қайталанды. Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында. Онда дүмпу магнитудасы 6,1 балл болған.

Президент Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министріне арнайы тапсырма берді. Шаһардың энергетикалық кешені қалыпты режимде жұмыс істеді.

Осы тұста мегаполисте көп пәтерлі тұрғын үйлерге сұраныс төмендеп, жер үйге сұраныс артты деген ақапарат тарады.

Сондай-ақ оқыңыз