2024 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,2%-ға өскен. Өсім құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі саласында байқалған. Бұл жайлы Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
«Осы жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсуі 4,2%-ды құрап, қаңтардағы 3,9%-ға қарағанда жеделдеді. Нақты секторда оң динамика байқалуда. Нақты сектор – 5,1%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті», – деді министр.
Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде өсу қарқыны жеделдеп, өндіріс көлемі 7,4%-ға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша 16 өңірде өсім байқалған. Соның ішінде ең жоғары өсуді Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары көрсетіп отыр.
«Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 23%-ға артқан, оның ішінде автомобиль жасау – 21% және электр жабдықтарын жасау– 45%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: металлургия өндірісі – 11%, химия өнеркәсібі – 25%, металл бұйымдары – 24%, құрылыс материалдары – 1,4%, жеңіл өнеркәсіп – 2,3% және жиһаз өндірісі – 23%», – деді Байбазаров.
Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1,9%-ға жоғарылаған. Бұл ретте металл кендерін өндіру – 7,2%, газ өндіру – 1,2%, мұнай өндіру – 0,4%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 2,9%-ға арта түскен. Алайда елде көмір өндіру саласы – 4,1%-ға төмендеген екен.
Нұрлан Байбазаров құрылыстың да өсу қарқыны жақсы екенін, құрылыс жұмыстарының көлемі 12,7%-ға ұлғайғанын айтты.
Сонымен бірге министр барлық экономикалық көрсеткіш бойынша санаулы өңірлердің алға шыққанын жеткізді.
«Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 7 өңірде – Қызылорда, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды»,– деді министрлік басшысы.
Министр сонымен бірге қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 10 млрд доллардан асқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, экспорт 6 млрд долларға жуықтаған. Оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 1,6 млрд долларды құраған. Ал тауарлар импорты 4 млрд доллардан асқан. Жалпы алғанда, оң сауда балансы 1,7 млрд доллар көлемінде.
Еске сала ктесек, Нұрлан Байбазаров ел экономикасын 6%-ға жеткізуге болатынын мәлімдеген еді. Ол кезде министр ел экономикасын өсірудің негізгі драйверлерін атаған болатын. Байбазаров ауыл шарушылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс және көлік саласы экономиканың негізгі драйверлеріне айналатынын айтты.
«Біз биылғы жылы экономиканың өсуін 6% деңгейінде қамтамасыз ету әлеуетін талдадық. Экономика секторларында анықталған резервтерді ескере отырып, мақсатқа қол жеткізуге болады. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосымша үлес қоса алатын негізгі резервтер өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, көлік қызметтерінде және ауыл шаруашылығында бар», – деді Байбазаров.
Ал оның алдында бұрынғы министр Әлібек Қуантыров алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы 6%-ға өсіп, инфляция 5%-ға төмендейтінін айтқан болатын. Қуантыров салалық экономиканың өсу қарқынына жеке-жеке тоқталған. Министрдің айтуынша, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайызға көтеріліп, тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан да озып кетуі мүмкін екенін айтқан еді.