Елде күріш, жұмыртқа, жемістер мен сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Бұл жайлы Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Үкімет басшысы үкімет пен Ұлттық банктің алдында инфляциялық қысымды төмендету мәселесі тұрғанына тоқталып өтті. Осы жылдың алғашқы екі айында инфляция 9,3 пайыздық мәнде тұрақтаған. Биыл көрсеткішті 8 пайызға төмендету көзделген.
«Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп», – деді премьер-министр.
Бектенов бұған орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіздігі себеп болғанын айтты.
Премьер-министрдің айтуынша, өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелген. Осыған орай үкімет басшысы өзінің орынбасары Серік Жұманғаринға осы мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ал егер қажетті шаралар қабылданбаса, өзі шара қолданатынын айтты.
«Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндаңыз», – деді Бектенов.
Еске сала кетсек, қаңтарда жұмыртқа бағасының не себепті қымбаттап кеткенін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтқан болатын.
«Маусымдық өсім барын жасырмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша айына 0,2% қымбатшылық бар. Баға динамикасы әрдайым маусымға қарай өзгереді. Жазда жұмыртқа бағасы арзандайды, қыста қымбаттайды. Маусым, жаңбыр, қар мен күн сәулесі де бар», – деді Шаққалиев.
Министрдің сөзінше, Пасха мерекесінен кейін Қазақстанда жұмыртқа арзандай бастайды.
«Пасхадан кейін мамыр-маусым айларында баға төмендейді. Бағаның күрт құбылмауы үшін тұрақты бағаны ұстауға тырысамыз. Мысалы, бір жылда 10 жұмыртқа үшін 500 теңгеге дейінгі баға сақталады да, қыста қымбаттап, жазда арзандамайды», – деді министр.