Жыл басынан бері Ұлттық қорға түскен түсім сомасы 912 млрд теңгені құраған. Ал қордан республикалық бюджетке берілетін трансферт көлемі 1 трлн теңге болған. Бұл жайлы Үкімет сағатында Ұлттық банк төрғасы Тимур Сүлейменов айтты.
«Ұлттық қордың активтері жыл басынан 0,3%-ға ұлғайып, 60,2 млрд долларды құрады. Бұл ретте, ақпан айының қорытындысы бойынша инвестициялық табыс 1,44% немесе 0,87 млрд долларды құрады. Жыл басынан қорға түсетін түсімдер сомасы 912 млрд теңгені, оның ішінде ұлттық валютада 184 млрд теңгені құрады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферт көлемі 1 трлн теңге болды», – деді банк басшысы.
Ол ақпан айының соңында жалпы халықаралық резервтер 96,4 млрд долларды құрағанын, ал алтын-валюта резервтері алтын сатып алуға байланысты жыл басынан 36,2 млрд долларға дейін немесе 0,5% ұлғайғанын айтты.
Сонымен бірге Ұлттық банк төрағасы ұлттық валютамыздың жыл басынан бері 0,9%-ға нығайғанын атап өтті.
«Осы жылдың басынан бері теңге бағамы 1 доллар үшін 450,65 теңгеге дейін, яғни 0,9% нығайды. Ұлттық Банк икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады және валюталық интервенциялар жүргізбейді. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Оның сомасы ақпан айында 609 млн долларды құрады»,– деді Сүлейменов.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін инвестициялау үшін шетел валютасын сатып алу көлемі 400 млн долларды құраған.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері оң динамиканы көрсетуде. Осы жылдың басынан зейнетақы активтері 18,4 трлн теңгеге дейін немесе 3,6% өсті. Инвестициялық табыс көлемі 351,1 млрд теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 396,4 млрд теңге, ал жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 66,5 млрд теңге болды», – деді Тимур Сүлейменов.
Еске сала кетсек, Тимур Сүлейменов Үкімет тек бюджет кірісіне сенсе ғана 2030 жылға қарай Ұлттық қорға 100 миллиард доллар жиналатынын айтқан болатын.
ҰБ басшысының пікірінше, Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын сатып алу – қаражатты инвстициялау.
«Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – концептуалдық, екіншісі – қаржылық есеп тұрғысынан алғанда техникалық. Бұл расында – ҚМГ акцияларына салған инвстиция. Қаржы министрлігі де, Ұлттық банк те оны инвестиция ретінде қарастырады. Егер Ұлттық қор құрылымына қарасаңыз, ҚМГ-ның теңгедегі акцияларына қаржы салу есебінен, оның теңгедегі бөлігі өсті. Бұл өте дұрыс және заңды нәрсе», – деді ол.
Дегенмен ол мұндай тәжірибе әдетке айналмауы керек деген ойын білдірді. Үкімет бюджетті жоспарлағанда Ұлттық қорға емес, бюджет кірісіне сенуі керегін айтты. Өйткені қажет болған сайын 5 трлн теңгеден шығарып ала берсек, Ұлттық қордағы қаржы 2030 жылға дейін 100 млд долларға жетпейді.
Сонымен бірге Ұлттық банктің биылға инфляция болжамы да өзгермеген. Баға 7,5-9,5% шегінде өседі деп күтілуде. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталған. Ал 2026 жылы инфляция таргетке жақындап, 5-6% шегінде қалыптасуы ықтимал.