Ақша-несие саясатын одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік аз – Сүлейменов

Жарияланды
Шығарушы редактор
ақша-кредит
Ақша-кредит саясатын жеңілдетуге мүмкіндік бар ма? Фото: kursiv.media

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны 5%-ға дейін төмендету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шартын сақтау қажет деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, ақша-несие саясатын одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік аз.

Ішкі сұраныс көрсеткіштерінде, инфляциялық күтулерде байқалатын үрдістер, сондай-ақ бюджет саясаты және сыртқы нарықтағы белгісіздік соны талап етіп отыр.

«Ұлттық Банктің болжамы мен қазіргі жағдайға сүйенсек, орта мерзімде инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз. Бұған дейін айтқанымыздай, ол үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Осыған орай саясатты одан әрі жеңілдету мүмкіндігі шектеулі», – деді бас банкир.

Сүлейменовтың айтуынша, инфляция мен бағаға қатысты қалыптасқан жағдай базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтауды қажет етеді.

«Инфляция факторларының қалыптасқан балансы, баға өсімінің ағымдағы динамикасы және фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік – келесі шешімдерді қабылдау кезде базалық мөлшерлемені жоғары ықтималмен қазіргі деңгейде сақтауды қажет етеді, – деді ол.

Ұлттық банктің биылға инфляция болжамы өзгермеген. Баға 7,5-9,5% шегінде өседі деп күтілуде. 2025 жылға арналған болжам 5,5-7,5% деңгейінде сақталған. Ал 2026 жылы инфляция таргетке жақындап, 5-6% шегінде қалыптасуы ықтимал.

Аққпан айында былтырғы жоғары база толық шығуы және экономика ішінде баға қысымы факторларының болуына байланысты инфляцияның төмендеу қарқыны баяулаған. Сүлейменов ұстамды саясат пен сыртқы ортадағы баға өсімінің одан әрі жақсаруы инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді дейді.

Регулятор Қазақстан экономикасының 2024 жылғы өсу болжамы 3,5-4,5%-ке дейін көтерген. Ал 2025 жылға 5,5-6,5% деңгейінде өсім қалыптасуы ықтимал.

Биыл ЖІӨ-нің өсуі іскерлік белсенділіктің жақсаруы аясында ішкі сұраныспен қамтамасыз етілмек.

«Біз 2025 жылы экономикалық өсімнің мейілінше жоғарылауы, көбіне, Теңіз Шевройлдағы өндірістің ұлғаюына байланысты мұнай өндіруді арттыруды жоспарлап отырған Үкімет шараларының арқасында болады деп болжаймыз», – деді ол.

Ал 2026 жылы мұнай бағасы төмендесе, экономкалық өсім 3,5-4,5%-ті құрауы мүмкін. ҰБ болжамы әлеуметтік-экономикалық даму мен Үкіметтің басқа да бағдарламалық құжаттарына негізделген.

Бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарды. ҰБ базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75%-ға дейін 50 базистік тармаққа төмендетті.

Сондай-ақ оқыңыз