“Заңдағы ұрылардың” қарамағында істеген: ҰҚК Бурабайда кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан екі адамды ұстады 

Жарияланды
заңдағы ұрылар
Күдіктілер шетелдік «заңдағы ұрылардың» қолдауымен Бурабай курортты аймағының бизнес субьектілерін бопсалаған / Коллаж: kursiv.media

Ұлттық қауіпсіздік қызметі кәсіпкерлерді бопсалап келген, Ақмола облысының екі тұрғынын ұстады. Бұл жайлы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады. 

«2024 жылғы 27 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен бопсалау күдігі бойынша Ақмола облысының 2 тұрғынын ұстады»,– делінген хабарламада.

Тергеу материалдарында олардың шетелдік  «заңдағы ұрылардың» қарамағында істегені айтылған. Солардың тапсыруымен облыс тұрғындары кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысқан. 

Атап айтқанда, «Бурабай» курорт аймағының бизнес субъектілерін өздерінің қылмыстық бақылауына алуға тырысқан. Комитет тінту барысында екі күдіктіден атыс қаруы мен суық қару, сондай-ақ есірткі заттарын алған.

Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталған. Сот  санкциясымен ұсталған екі адам қамауға алынған. 

ҰҚК тағы қандай қылмыстық топты құрықтады?

Еске салсақ, ақпан айының ортасында ҰҚК Қарағанды облысының полицейлерімен бірігіп, кеншілер мен Абай облысының тұрғындарын бопсалаумен, теміржол станцияларын тонаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады. 

Операция барысында қылмыстық топ мүшелерінің  Qarmet кеншілерін бопсалағаны анықталды. Тергеу нәтижесі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталған.

Қылмыстық топтың «Қазақстан Темір Жолы” АҚ-ның объектілерінен тауар-материал ұрлау дерегіне қатысы бары анықталды. Осыған орай осы жылдың 13 ақпанында полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің жедел уәкілдері жоғарыда аталған қылмыстарға қатысы бар тағы да 8 адамды ұстаған.

Бұл операцияның бірінші кезеңінде қылмыстық топ мүшелерінің ұсталғаны туралы «Курсив» жазған болатын. Полиция жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде бұл қылмыстық топтың осындай 15 фактіге қатысы бар екенін анықтаған. Сонымен бірге 15-ке жуық тінту іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде тіркелмеген атыс және суық қару түрлері, сондай-ақ оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер тәркіленген. Қазіргі таңда қылмыстық топқа қатысы бар 10 адам ұсталған. Оның ішінде топтың көшбасшысы мен ең белсенді мүшелері бар.

Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан. Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған.

Сол кезде Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының қылмыстық топ мүшелерінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатқаны айтылған.  

Сондай-ақ оқыңыз