Қаракөл көліне сарқынды су ағызған Ақтаудағы Rixos қонақүйіне салынған айыппұл көлемі 350 млн теңгеден асты

Жарияланды
Ақтаудағы Rixos қонақүйіне қанша айыппұл салынды / Фото: turskidki.ru

Ақтаудағы Rixos қонақүйіне салынған айыппұл көлемі 350 миллион теңгеден асты. Экология министрі Ерлан Нысанбаев осылай деп мәлімдеді.

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Экология министрлігінің басшысы журналистердің сұрағына жауап берді. БАҚ өкілдері министрден Қаракөл көліне қалдық суларды ағызған Ақтаудағы Rixos қонақүйіне қандай шара қолданғанын сұрады. Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қонақүйге жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 300 миллион теңгеден астам сомаға залал келгені анықталған.

«Біз бұл мәселе туралы бірнеше рет айттық. Негізгі себеп құс тұмауы болды. Мұны зерттеу орталығы ресми түрде жариялады. Мамандар үлкен комиссиямен барып, сынамалар алынды. Аурудың адамға жұғу ықтималдығы өте төмен. Ал ағынды суларға қатысты айтатын болсақ, бұл бағытта да тексеріс жүргізілді. Келтірілген залал, қателеспесем, 300 миллион теңгеден асады. Суды ағызуға мүмкіндік берген құбыр толығымен бөлшектелді. Қонақүйдегі бұл жүйе кәрізді тазарту қондырғысына қосылды.  Бұдан былай бұл компаниядан басқа шығарындылар күтілмейді», – деді министр.

Ведомство басшысы айыппұлдың нақты мөлшері туралы  сауалға «Қателеспесем, шамамен 300 миллион төңірегінде, нақтырақ айтсақ 352 миллион теңге» деп жауап берді. 

Оқиғаның хронологиясы

Айта кетейік, жыл басында Қаракөл көлінде 800-ден аса аққудың қырылуына байланысты Rixos Aktau отелін жоспардан тыс тексеру басталған еді. Желіде Rixos Aktau қонақүйінен Қаракөл көліне қара сұйықтық құйылып жатқаны көрсетілген видео тарады.

Артынша, Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев сарқынды суды Қаракөл көліне ағызғандарын мойындады. Оның айтуынша, қонақүйден Қаракөл көліне лай су емес, тазартылған сарқынды су ағызылады. Алдағы 1-2 аптада қонақүй Қаракөл көліне су ағызуды тоқтатады.

Бас менеджер орталық кәріз жүйесі болмағанын айтты. Сондықтан қонақүй құрылысы кезінде сарқынды суды тазартып, көлге ағызу жобасы бекітілген. Ол қонақүйде сарқынды суды Қаракөл көліне ағызуға рұқсат беретін тиісті құжат бар екенін және Rixos Water World Aktau Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуын объективті тергеуге мүдделі екенін мәлімдеді.

«Су тазартылады. Барлық пайдаланылған су 250 текше метрлік 2 резервуардан өтіп, бактериямен өңделеді. Кейін сүзіледі, мембраналар арқылы химиялық тазартудан өтеді. Содан кейін тазартылған су резервуарға жіберіледі. Сол жерден Қаракөл көліне ағызылады», – деді Серік Исағалиев.

Орнитолог, Қазақстан құстарды қорғау одағының және Мензбирлік орнитологиялық қоғамының мүшесі Виктория Ковшар болса, аққулар сарқынды су кесірінен емес, құс тұмауынан қырылып жатқанын мәлімдеді. Аққулардың өлімін құс тұмауымен байланыстырған орнитолог Каспийде аурудың бұл түрі жиі кездесетінін жариялады. Сонымен қатар ол осыдан 2 жыл бұрын аққудың қара бас күлкі мен чеграва тұқымдарының жаппай қырылғанын еске салды.

«Сол кезде аққулардың өліміне мұнай қалдықтарын төгу себеп болды деп есептелгенмен, үкіметтік комиссия олардың құс тұмауынан қырылғанын анықтады», – деді орнитолог.

Виктория Ковшардың сөзіне сенсек, аққулар сарқынды судан, экологиялық жағдайдан емес, құс тұмауынан қырылып жатыр.

2023 жылғы 21 желтоқсанда Ақтаудағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылып жатқаны белгілі болды. Блогер Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың өліп жатқанын жариялады. Қаракөл көлінің жағасынан 826 құстың өлексесі табылды.

Сондай-ақ оқыңыз